Минск қаласында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері Біріккен алқасының 45-ші отырысы өтті

Минск қаласында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері Біріккен алқасының 45-ші отырысы өтті

       1 наурызда Минск қаласында (Беларусь Республикасы) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері Біріккен алқасының (ЕАЭО КҚБА) 45-ші отырысы өтті.

      Отырысқа Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсенбиев қатысты.

      КҚБА-да ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден органдарының кедендік әкімшілендіру мәселелерінде тәсілдерді біріздендіру үшін қажетті құқық қолдану практикасы қарастырылды.

      Тауарлардың бірыңғай сыныптамасын қамтамасыз ету мақсатында отырыс қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жекелеген тауарларды жіктеу бойынша бірқатар шешімдер қабылданды.

      Сондай-ақ зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімдерге енгізу кезінде құқық иеленушілерге және (немесе) олардың өкілдеріне қойылатын талаптарды күшейтуге, кеден органының декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдау мерзімін құқықтық реттеуге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қағаз жеткізгіште сақтауға, сондай-ақ кедендік құнды бақылау бағыты бойынша тәуекелдерді басқарудың бірыңғай тәсілдерін белгілеу үшін салықты көп қажет ететін тауарлардың Тізбесін бекітуге қатысты мәселелері қаралды.

     Отырысқа Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей кеден қызметінің бірінші басшылары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері қатысты.

      ЕАЭО КҚБА қызметінің негізгі бағыттары кеден ісі саласындағы басым бағыттарды айқындау, кеден заңнамасын жақындастыруға және үйлестіруге жәрдемдесу, кеден және басқа да мүдделі ұлттық қызметтер мен мемлекет ведомстволарының практикалық өзара іс-қимылын үйлестіру, кеден ісі саласында қабылданған мемлекетаралық және үкіметаралық шешімдерді іске асыруға ықпал ету болып табылады.