
Қазақстан Республикасында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 7 бұйрығын орындау мақсатында мемлекеттік кірістер органдары тауарлардың сыртқы электрондық саудасы саласында эксперимент (пилоттық жоба) жүргізуде.
Эксперимент «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 45-1-тарауына және «Кедендік декларациялаудың, тауарлар санатының, Қазақстан Республикасында жүргізілетін тауарлардың сыртқы электрондық саудасы саласындағы экспериментті іске асырушы өңірдің және электрондық сауда тауарларына қатысты техникалық регламенттерді сақтаудың хабарламалық тәртібін қолдану ерекшеліктерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 4 шілдедегі № 739 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Эксперименттің мақсаты электрондық сауда операторларының (Оператор) жеке тұлғалардың интернет арқылы шетелдік интернет-алаңдарында (интернет-дүкендерде) сатып алған және Қазақстан Республикасына халықаралық пошта жөнелтілімдері немесе экспресс-жүктер ретінде әкелінетін тауарларды кедендік декларациялауды енгізуі болып табылады.
Эксперимент шеңберінде жеке тұлғалардың электрондық сауда тауарларын сатып алуы және оларды кедендік декларациялаудың екі әдісі сыналады.
Электрондық сауда тауарларын сатып алудың екі әдісі де оларды Электрондық сауда операторының кедендік декларациялау жүргізуіне мүмкіндік береді және жеке тұлға - сатып алушы өзінің тапсырысын кедендік қатынаста тазартылған түрінде алады.
Экспериментті ЕАЭО Кеден кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сыртқы электрондық сауданы реттеу мәселелері бойынша түзетулер күшіне енгенге дейін жүргізу жоспарлануда.
Қазақстан Республикасында эксперимент шеңберінде «Қазпочта» АҚ Ұлттық пошта операторы бірінші электрондық сауда операторы болып айқындалды.