«Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығын әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы» бұйрықтың жобасы

«Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығын әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы» бұйрықтың жобасы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі-Комитет) «Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығын әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі бұйрығының жобасын (бұдан әрі-пилоттық жоба) әзірледі.

Пилоттық жобаның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасына тауарлар импорты кезінде қосылған құн салығын әкімшілендірудің, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің айқындығын қамтамасыз ету болып табылады.

Пилоттық жобаның қатысушылары жұмыс істеп тұрған ҚҚС төлеушілер болып табылады (БСК 105102, 105101). Пилоттық жобаға кіру ерікті сипатта болады.

Пилоттық жоба мемлекеттік кірістер органы мен салық төлеушінің өзара іс-қимылын көздейді, ол ынтымақтастық, негізделген сенім, адалдық, заңдылық, айқындық, ақпараттық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделеді.

Пилоттық жобаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады:

1) жоба алдындағы жұмыс;

2) пилоттық жобаға енгізу.

Пилоттық жобаға енгізу Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығын әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жобаға қатысу туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) шеңберінде реттеледі.

Келісімге қол қойылған сәттен бастап салық төлеушілер Пилоттық жобаның қатысушылары болады. Бұл ретте пилоттық жобаға қатысу үшін өтініш Комитетке ерікті негізде жіберіледі.

Келісім жасалғанға дейін салық төлеушінің қызметін зерделеу, пилоттық жоба шеңберінде біліктілік талаптарына және басқа да талаптарға сәйкестігі тұрғысынан жоба алдындағы жұмыстар жүргізіледі. Тексеру нәтижелері бойынша одан әрі шешім қабылдау үшін жоба алдындағы тексеру актісі жасалады.

Пилоттық жобаны іске асыру Өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылған күннен бастап 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

Пилоттық жоба мемлекеттік кірістер органдары мен СЭҚ-қа қатысушылардың (салық төлеушілердің) өзара іс-қимылына негізделеді:

- мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеушінің бухгалтерлік есебіне, төлем транзакцияларына, кәсіпорындағы тауарлық-материалдық құндылықтар есебіне ерікті түрде рұқсат беру;

- кедендік тазарту кезінде тауарларды ресімдеудің жеделдетілген процесі үшін салық төлеушіні тәуекелдерді басқарудың кедендік және салықтық жүйесіндегі тәуекелдің төмен деңгейі санатына жатқызу.

Пилоттық жобада болу шарттары:

1) салық төлеушінің ақпараттық жүйелерінің жұмыс істеуі;

2) электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін қамтамасыз ету;

3) Қазақстан Республикасының Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңнамасына сәйкес қаржы қаражатын аудару;

4) бақылау-касса машинасын қолдану және деректердің анық көрсетілуі;

5) тауар-материалдық құндылықтардың (ТМҚ) қалдықтарын есепке алу және есептен шығару;

6) кедендік рәсімдермен орналастырылған шарттардың, тауарды жеткізу шарттарының, кедендік декларациялау ерекшеліктерінің дұрыс қолданылуы;

7) тауарға ілеспе құжаттардың тауарларға арналған декларацияда (келісімшарттарда, инвойстарда, көлік жүкқұжаттарында, лицензияларда, сертификаттарда, жөнелтуші елдің тауарларға арналған декларацияларында) мәлімделген мәліметтерге сәйкес келуі;

8) тауарларға арналған декларацияда мәлімделген кедендік құнның Комитеттің баға ақпаратына сәйкестігі;

9) кедендік бақылаудың техникалық құралдарында (инспекциялық-жете тексеру кешені, электрондық-өткізу пункті, тауарлардың жеткізілуін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі) тіркелген мәліметтердің тауарларға арналған декларацияларда, тауарға ілеспе құжаттарда мәлімделген мәліметтерге сәйкестігі;

10) Қытай Халық Республикасынан және Түркия Республикасынан тауарлар импортын жүзеге асыруы болып табылады.

Жобада болу шарттарының сақталмауы және негізсіз салықтық пайда алу жөніндегі схемаларға қатысуы Пилоттық жобадан шығарудың шарты болып табылады.