Қоғамдық кеңесте Қаржы министрлігінің цифрлық сервистері таныстырылды

Қоғамдық кеңесте Қаржы министрлігінің цифрлық сервистері таныстырылды

2021 жылдың 22 қыркүйегінде Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері Қаржы бойынша қоғамдық кеңесте көрсетілді.

Қоғамдық кеңестің отырысы Рустам Жүрсіновтың төрағалығымен өтті.

Қаржы вице-министрі Бақтияр Қожахметов өз баяндамасында Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметтердің 50 түрін көрсететінін, оның 46-ы немесе 92% -ы электронды түрде көрсетілетінін атап өтті. Ағымдағы жылдың 8 айында Министрлік шамамен 14 млн.қызмет көрсетті. Оның ішінде электронды түрде 13,6 млн. немесе 97,6%.

«Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің электронды нысаны бізге азаматтар мен бизнестің уақыт және қаржы шығындарын оларды көрсету мерзімдерін қысқарту есебінен төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу кезінде бір-бірімен кездеспегендіктен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Б.Қожахметов.

Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру әділ фискалдық жүйе мен сапалы сервисті қамтамасыз ету арқылы бизнес пен халық үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Нәтижесінде, цифрландыру және әкімшілендіру есебінен 2 жыл ішінде бюджетке түсетін түсімдердің 900 млрд.теңгеден астамы қосымша қамтамасыз етілді (2019 – 523 млрд. теңге, 2020 – 395 млрд. теңге).

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев халық арасында танымал «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы мен «e-Salyq Business» жаңа мобильді қосымшасы қызметтерін көрсетті.
«E-salyq-Business» қосымшасының көмегімен жеке кәсіпкерлер тіркеліп, есеп жүргізе алады және кәсіпкерлігін «бір батырманы басу» арқылы жаба алады, сондай-ақ басқа да салық міндеттемелерін орындай алады.

Сондай-ақ, спикер отырысқа қатысушыларға «ЭШФ» ақпараттық жүйесінің, тәуекелдерді басқару жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырды.