
2020 жылғы 23 желтоқсанда бейнеконференция режимінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің салық қызметтері басшыларының үйлестіру кеңесінің XXVII отырысы өтті.
Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев қатысты.
Отырысқа бақылаушы ретінде Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік салық комитетінің өкілдері қатысты.
Отырысты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық қызметтері басшыларының үйлестіру кеңесінің төрағасы, Әзербайжан Республикасы Экономика министрлігі жанындағы Мемлекеттік салық қызметі бастығының міндетін уақытша атқарушы Назарли Орхан Фаик оглы ашты. Одан кейін Әзербайжан Республикасының Экономика министрі Микаил Чингиз оглы Джаббаров құттықтау сөз сөйледі.
Басшылардың отырысы күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша сессия форматында өткізіліп, әрбір мәселе бойынша пікір алмасылды.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі «COVID-19 пандемиясы жағдайында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық органдарының қызметі және оның салдарын еңсеру» болды.
Тараптар коронавирус салдарынан туындаған жағдайда бизнесті қолдауға бағытталған қабылданған шаралар туралы ақпарат алмасты.
Кездесу соңында Тараптар пандемияның ел экономикасына теріс әсерін азайту мақсатында өткізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.