Инспекциялық-тексеру кешендері операторларын даярлау бойынша арнайы курстарды жаңарту және өткізу

Инспекциялық-тексеру кешендері операторларын даярлау бойынша арнайы курстарды жаңарту және өткізу

    2026 жылғы 27–31 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің базасы Ақтау қаласында мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне арналған «Инспекциялық-тексеру кешендерінің операторларын даярлау бойынша арнайы оқыту курстарын жаңарту және өткізу» тақырыбында мамандандырылған курс өткізді.

      Курстың негізгі мақсаты – кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде инспекциялық-тексеру кешендерін тиімді қолдануды арттыру, сондай-ақ операторлардың тыйым салынған және ықтимал қауіпті объектілерді анықтау бойынша практикалық дағдыларын жетілдіру болды.

     Оқу барысында қатысушылар заманауи инспекциялық-тексеру кешендерін пайдалану қағидаттарын, оның ішінде көлік құралдарын, жүктер мен багажды рентгендік бақылау технологияларын жан-жақты меңгерді. Рентгендік бейнелерді дұрыс интерпретациялау мәселесіне ерекше назар аударылды, себебі бұл – жасырын салынған заттар мен жасырылған тауарларды анықтаудағы негізгі кәсіби дағды.

     Қатысушылар сканерленген бейнелерді талдау дағдыларын тәжірибе жүзінде пысықтап, әртүрлі жағдайларды модельдеу арқылы типтік және күрделі жағдайларды қарастырды. Нақты мысалдар негізінде контрабандалық тауарларды, қаруды, жарылғыш заттарды және өзге де тыйым салынған заттарды анықтау жағдайлары талданды. Бұл қатысушылардың теориялық білімдерін бекітіп, кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

       Оқытудың практикалық бөлігі «Құрық» және «Ақтау теңіз порты» кеден бекеттерінде өткізілді.

       Оқу бағдарламасы Оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Касымкулова Лаззат Турдакыновнаның., ТжҚЖ бөлімінің басшысы Қасымбеков Ануар Панаровичтің және ӨСО  ҚҰ бөлімінің басшысы Көбекаева Ирина Ахсарбековнаның белсенді қатысуымен әзірленіп, іске асырылды. Олар курс барысында тренер-нұсқаушы ретінде дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді.