«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес банкроттық рәсімінің негізгі мақсаты банкроттық рәсімінде өндіріп алуға болатын банкроттың мүлкінен, сондай-ақ Заңда көзделген жағдайларда өзге де адамдардың мүлкінен тұратын банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру болып табылады.
Борышкердiң мүлкi барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда борышкердiң лауазымды тұлғалары Заң талаптарын орындамағаны үшiн бiрлескен субсидиарлық жауаптылықта болады (борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа жүгінбеу, сотқа және әкімшіге борышкердің қаржы-шаруашылық қызметі туралы мәліметтерді бермеу, борышкердің құрылтай құжаттары мен есеп құжаттамасын әкімшіге бермеу, қарау арқылы зерделеу үшін бухгалтерлік құжаттамаға қолжетімділікті қамтамасыз етпеу).
Сонымен қатар, заңда құрылтайшы (қатысушы) және әдейі банкроттық жасағаны үшін кінәлі деп танылған лауазымды тұлға кредиторлар алдында өздеріне тиесілі мүлікпен де субсидиарлық жауаптылықта болатындығы айқындалған.
Кредиторлардың құқықтарын қорғау мақсатында оңалту және банкроттық туралы заңнамамен, егер құрылтайшы (қатысушы) мен лауазымды адам банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін әдейі банкроттық жасағаны үшін кінәлі деп танылған жағдайда, кредиторға субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы талап-арызбен сотқа жүгіну құқығы берілген.
Осылайша, құрылтайшыны (қатысушыны) және банкроттың лауазымды тұлғасын субсидиарлық жауапкершілікке тарту кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың қосымша тәсілдерінің бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда 1 335,2 млрд. теңге сомасына 2 245 лауазымды тұлға мен банкроттардың құрылтайшылары субсидиарлық жауапкершілікке тартылды.
Өз кезегінде, дара кәсіпкер кредиторлар алдында орындалмаған міндеттемелері үшін өзінің жеке мүлкімен жауап береді.
Борышкердің басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) банкроттық рәсімі қарыздарды есептен шығару арқылы жауапкершіліктен құтылу тәсілі емес, борышкер мен кредитор арасындағы мүдделер теңгерімін сақтай отырып, төлем қабілетсіздігі мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін механизм екенін түсінуі қажет.