Брюссель, 2025 жылғы 27 маусым — Дүниежүзілік кеден ұйымы Кеңесінің 145/146-сессиялары аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ермек Кожабергенов пен Корея Республикасы Кеден қызметінің Халықаралық байланыстар бюросының директоры Пак Хон арасында екіжақты кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар екі елдің кедендік органдары арасындағы өзара іс-қимылдың дәстүрлі түрде сындарлы және достық сипатта дамып келе жатқанын атап өтті. 2000 жылдан бері Кедендік ынтымақтастық жөніндегі комитеттің он отырысы өткізілді, соңғысы 2019 жылғы қарашада Сеул қаласында өтті. Қазақстан тарапы Комитет жұмысын қайта жандандыруды ұсынып, оны биылғы жылдың соңына дейін онлайн форматта өткізуді ұсынды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Корея Республикасы ЕАЭО аясынан тыс Қазақстанның он ірі сауда серіктесінің қатарына кірді. Тауар айналымы белгілі бір дәрежеде төмендегенімен, оның көлемі әлі де айтарлықтай — 3,1 млрд АҚШ доллары. Кореядан әкелінетін импорт әдетте жоғары технологиялық өнімдерден — машиналар, жабдықтар, көлік құралдары мен аспаптардан тұрады. Сонымен қатар, қазақстандық экспорт, әсіресе металлургия өнімі бағытында, біртіндеп қалпына келіп жатыр.
Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Кореяның тәуекелдерді басқару, зияткерлік талдау және рәсімдерді автоматтандыру салаларындағы тәжірибесін зерттеуге қызығушылық білдірді.
Тараптар рәсімдерді оңайлату, жеткізу тізбектерінің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мақсатында практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендіктерін растады.