2021 жылдың сәуір айында Орталық Азиядағы шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасының (БОМКА) 10-шы кезеңі басталды. Бүгінгі таңда БОМКА - бұл Еуропалық Одақ қаржыландыратын аймақтың жетекші және ең ірі бағдарламасы. Оның бюджеті 21,65 млн. еуроны құрайды, ал іске асыру мерзімі - 54 ай.
2003 жылы БОМКА бағдарламасы басталғаннан бері оның қызметі әлеуетті арттыруға және институционалдық дамуға, Шекараларды басқару жүйесін жақсартуға және есірткінің заңсыз айналымын жоюға, сауда дәліздерін дамытуға және Орталық Азия өңіріндегі саудаға жәрдемдесуге бағытталған. Әрбір келесі кезең алдыңғы кезеңдерде алынған нәтижелерді ескере отырып жасалды.
Бағдарламаның 10-кезеңі тұрақты экономикалық дамуға және шекараларды біріктірілген басқаруға жәрдемдесу арқылы өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты арттыруға бағытталған. Ағымдағы кезең сондай-ақ шекара маңы ынтымақтастығын қолдайтын болады және Орталық Азияның шекара маңындағы аудандарында тұратын адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталады.