Қазақстан 1992 жылғы 30 Қаңтарда СБСЕ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңес) қатысушысы болды. Бұл автоматты түрде осы халықаралық ұйымның барлық 48 мүшесінің Қазақстанды тануын білдірді.
1992 жыл ішінде Қазақстан СБСЕ-нің барлық негіз қалаушы құжаттарына, бірінші кезекте 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісіне және жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясына қол қойды және сол арқылы ұйым мүшесінің барлық міндеттемелерін өзіне алды.
1994 жылы Будапешт саммитінде СБСЕ ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) болып өзгертілді. Осы ұйымға өзінің қатысуының алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ЕҚЫҰ / СБСЕ кеңістігінде қауіпсіздікті нығайту үшін белсенді түрде әрекет ете бастады.
Қазақстан ЕҚЫҰ/СБСЕ саммиттеріне қатысты: Будапештте (1994), Лиссабонда (1996), Стамбулда (1999). Ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде ядролық державалар — СБСЕ/ЕҚЫҰ мүшелері тарапынан қауіпсіздік кепілдіктері берілген Будапешт саммиті ҚР қауіпсіздігі үшін үлкен маңызға ие болды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Лиссабон саммитінің алғашқы отырысы өткендігі Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы беделінің нығаюының айғағы болды.
1999 жылы Алматыда ЕҚЫҰ Орталығы ресми түрде ашылды. Бұл Орталық Азияның ЕҚЫҰ-ның басым аймағы болып қалғанының айғағы болды. Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы орталығы мынадай бағыттар бойынша мандат алды: ұйымның қағидаттары мен міндеттемелерін сақтауға жәрдемдесу, қауіпсіздіктің барлық өлшемдерін қамтамасыз етуде Қазақстанның ЕҚЫҰ шеңберінде қатысуына жәрдемдесу; ЕҚЫҰ институттарымен және оның мүшелерімен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және институттармен байланыстарын көтермелеу; жергілікті билік органдарымен, оқу, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнату және қолдау; ЕҚЫҰ аймақтық қызметіне көмек көрсету.