Артық төленген салық сомасын қайтару тәртібі қандай?

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 122-бабының 4-тармағына сәйкес салықтың, бюджетке төленетін төлемнің (қайтарылуға жатпайтын салықтар мен бюджетке төленетін төлемді қоспағанда), өсімпұл мен айыппұлдың төленген және (немесе) артық төленген сомасын қайтаруды салық органы салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде салық төлеушінің осындай өтініште көрсетілген банктік шотына аудару арқылы жүргізеді

Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұл мен айыппұлдың төленген, оның ішінде артық төленген сомаларын қайтаруды салық органы салық төлеуші мен оның құрылымдық бөлімшесінде салықтық берешек болмаған кезде жүргізеді.

Салықтық берешек болған жағдайда қайтару салықтың, бюджетке төленетін төлем мен өсімпұлдың артық төленген сомасын есепке жатқызу жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылады.

Көрсетілген жағдайда салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұл мен айыппұлдың артық төленген сомасының қалдығы есепке жатқызуды жүргізгеннен кейін қайтаруға жатады.

Мемлекеттік баждан басқа, салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық (қате) төленген сомасы:

- ағымдағы жыл;

- осындай сомалар төленген күнтізбелік жылдан кейінгі күнтізбелік жылдан бастап талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде алдыңғы күнтізбелік жылдар ішінде төленген сомалар мөлшерінде есепке жатқызылуға және (немесе) қайтарылуға жатады.

Салықтарды, бюджетке төлемдерді есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге арналған салықтық өтініш «Салық төлеушінің кабинеті» МКК-нің web-қосымшасы, «электрондық Үкімет» порталы (egov.kz), e-Salyq Аzamat мобильді қосымшасы-салық әмияны арқылы электрондық түрде, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы қағаз тасығышта жіберіледі.

Дата публикации
31 марта 2026