"Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығы

 

Жоба


​
Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу

қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

​
​ ​ ​ ​ ​ ​ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы»          Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 68-бабы 1-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

  1. Қоса беріліп отырған Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
  2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

  1. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

 

 

Қаржы министрі                                                                      Е. Жамаубаев

 

 

  

                                                                                                                                                                         Бұйрықпен бекітілген

 


Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидалары мен мерзімдері

​

​​ 1-тарау. Жалпы ережелер

 

  1. Осы Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) салық төлеушіге Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды дербес жою құқығын бере отырып өңірлік мониторинг жүргізу арқылы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 68-бабы 1-1-тармағына сәйкес әзірленді.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) мемлекеттік кірістер органы – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, сондай-ақ өңірлік мониторинг жөніндегі пилоттық жобаның (бұдан әрі – пилоттық жоба) қатысушылары болып табылатын аумағында орналасқан жері бойынша салық төлеушілер тіркелген аумақтық мемлекеттік кірістер органдары;

2) салық агенті – Салық кодексіне сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндет жүктелген заңды тұлға, оның ішінде оның құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ бейрезидент заңды тұлға;

3) өңірлік мониторинг – пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілердің қаржы-шаруашылық қызметін талдау.

  1. Осы Қағидалар:

пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілердің санатын;

пилоттық жобаны іске асыруды (енгізуді) жүзеге асыратын аумақты (учаскені) және (немесе) өңірді;

пилоттық жобаны жүзеге асыру кезінде аумақтық мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеушілердің іс-қимылдарының дәйектілігін қамтитын пилоттық жобаны іске асыру (енгізу) тәртібін;

пилоттық жобаны іске асыру (енгізу) мерзімін айқындайды.

 

2-тарау. Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілердің санаты

 

  1. Мыналарды:

1) «Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 желтоқсандағы № 1241 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21995 болып тіркелген) Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесіне енгізілген салық төлеушілерді;

2) «Деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 1 шілдедегі № 648 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20916 болып тіркелген) Деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидаларының 7-тармағында айқындалған деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаға қатысушыларды қоспағанда, Салық кодексінің 241-бабында көзделген түзетуді есепке алмағанда, жылдық жиынтық кірісі 2019 жылы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және пилоттық жобаны енгізу жылының алдындағы жылдың соңына қолданыста болатын 3 000 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын салық төлеушілер (бұдан әрі – пилоттық жобаға қатысушылар) пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілер болып табылады.

Пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілердің тізбесі (бұдан әрі-Тізбе) осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес қалыптастырылады.

Осы тармақтың мақсаттары үшін Салық кодексінің 241-бабында көзделген түзетуді есепке алмағанда, жылдық жиынтық кіріс 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Салық кодексінің 315-бабы 1-тармағына сәйкес ұсынылған, 2019 жылғы корпоративтік табыс салығы бойынша декларация деректерінің негізінде айқындалады.

 

 

3-тарау. Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаға қатысушылар, іске асыру аумағы (учаскесі) және (немесе) өңірі мен мерзімдері

 

  1. Мыналар:
  • осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген салық төлеушілер;
  • мемлекеттік кірістер органдары пилоттық жобаға қатысушылар болып табылады.
  1. Пилоттық жоба Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылады.
  2. Пилоттық жобаны іске асыру 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

 

 

4-тарау. Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық

жоба қолданылатын салық төлеушілердің тізбесін қалыптастыру

 

  1. Тізбені Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – уәкілетті орган) қалыптастырады және бекітеді.
  2. Пилоттық жобаға қатысушы қайта ұйымдастырылған жағдайда оның құқықтық мирасқоры (құқықтық мирасқорлары) осы Қағидалардың 7-тармағында белгіленген пилоттық жобаның қолданылу мерзіміне өңірлік мониторингке жатады.
  3. Пилоттық жобаға қатысушы таратылған жағдайда, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап аталған салық төлеуші Тізбеден шығарылды деп танылады.
  4. Деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидаларына сәйкес Деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жоба туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) жасаған Тізбедегі салық төлеуші Келісім жасалған күнінен бастап тоқтатылған күнге дейін өңірлік мониторингке жатпайды.
  5. Тізбені уәкілетті орган осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген пилоттық жобаның қолданылу мерзіміне бекітеді және ол бекітілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

 

 

5-тарау. Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны

іске асыру тәртібі

 

  1. Пилоттық жоба:

1) олардың нақты салық салынатын базасын айқындау;

2) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын бақылау үшін пилоттық жобаға қатысушылардың қаржы-шаруашылық қызметін талдау жолымен жүзеге асырылады.

  1. Пилоттық жобаны іске асыру барысында мемлекеттік кірістер органы пилоттық жобаға қатысушылардан салықтарды есептеудің дұрыстығын және салықтар мен бюджетке төлемдерді төлеудің (ұстап қалу мен аударудың), сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қаржылық есептілігін, оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, уақтылы төленгенін (ұстап қалуын және аударылуын) растайтын құжаттар мен жазбаша түсініктемелерді ұсынуды талап етеді.

Талап еркін нысанда жасалады және салық төлеушіге (салық агентіне) қолын қойдыра отырып, жеке өзіне немесе жөнелту мен алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен беріледі. ​

Бұл ретте осы талапты пилоттық жобаға қатысушылар талап тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде орындайды.

  1. Өңірлік мониторинг нәтижелері бойынша бұзушылықтар мен алшақтықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік кірістер органы олар туралы пилоттық жобаға қатысушыны хабардар етеді.

Бұл ретте пилоттық жобаға қатысушы осындай хабарлама берілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде жазбаша түсініктеме ұсынады.

Ұсынылған түсіндірмемен келіспеген жағдайда, мемлекеттік кірістер органы туындаған мәселелерді талқылау үшін қосымша құжаттар мен түсіндірмелер бере отырып, пилоттық жобаға қатысушыны шақырады.

  1. Өңірлік мониторинг нәтижелерін қарау қорытындылары бойынша мемлекеттік кірістер органы еркін нысанда жазбаша түрде дәлелді шешім шығарады, ол пилоттық жобаға қатысушыға оны шығарған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жолданады, бұл ретте пилоттық жобаға қатысушы мемлекеттік кірістер органының шешімімен келісетіні туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде еркін нысанда қағаз жеткізгіште мемлекеттік кірістер органына ұсынады.
  2. Өңірлік мониторинг шеңберінде уәжделген шешім орындалмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органы Салық кодексінің 145-бабы 3-тармағының 11) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеруді тағайындайды.
  3. Егер Пилоттық жобаға қатысушының осы Қағидалардың 13, 14 және 15-тармақтарында көрсетілген мемлекеттік кірістер органдарының сұрау салуларын, хабарламаларын және уәжделген шешімдерін орындау мерзімінің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге келетін болса, онда мерзім келесі жұмыс күнінің соңында аяқталады.
"Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығы
Дата публикации
12 мая 2021