Қазақстан Республикасындағы
тәуекелдерді басқару жүйесі
Кедендік бақылау объектілерін, кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды таңдаған кезде тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланылады.
«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 51-тарауында айқындалған мақсаттарды іске асыру үшін кеден органдары жүргізетін іс-шаралар кешені тәуекелдерді басқару жүйесі деп түсініледі
Тәуекелдерді басқару жүйесінің шеңберінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
тәуекел – Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамау ықтималдығы;
тәуекел бейіні – тәуекел саласы, тәуекел индикаторлары және тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар туралы мәліметтердің жиынтығы;
тәуекел деңгейі – Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамауға байланысты оқиғалардың басталу жиілігінің және көрсетілген оқиғаның басталуынан болатын ықтимал салдардың (залалдың) арақатынасын сипаттайтын шама;
тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар – осы Кодексте көзделген кедендік бақылау нысандары, кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген, тәуекелдерді бағалау негізінде қолданылатын өзге де шаралар;
тәуекелдерді басқару – Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамауға байланысты оқиғалардың басталуын және олардың басталуынан болатын ықтимал салдарды (залалды) барынша азайту жөніндегі кеден органдарының жүйеге келтірілген қызметі;
тәуекелді бағалау – тәуекелді сәйкестендіру, талдау және тәуекел деңгейін айқындау бойынша әрекеттер;
тәуекелді сәйкестендіру – тәуекелді анықтауға, тануға және сипаттауға бағытталған әрекеттер;
тәуекелді талдау – тәуекел саласын және индикаторларын айқындау үшін кеден органдарындағы ақпаратты пайдалану;
тәуекел индикаторы – кедендік бақылау объектісін таңдауға мүмкіндік беретін белгілердің белгісі немесе жиынтығы;
тәуекел саласы – тәуекелді және ол туындайтын жағдайларды сипаттау.
Кеден органдары кедендік бақылау объектілерін және тәуекелдерді басқару жөніндегі шараларды таңдау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
Кеден органдары тауарлардың кедендік бақылауда болу кезеңінде және осы Кодекстің 393-бабының 8-тармағында белгіленген мерзімдерде кедендік бақылау жүргізу үшін, сондай-ақ осы Кодекстің 393-бабының 9-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануының негізгі мақсаттары:
кедендік бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету;
деңгейі жоғары тәуекел салаларына назарды шоғырландыру және кеден органдарының ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану қажеттілігі анықталмаған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді жеделдету және оңайлату үшін жағдайлар жасау болып табылады.
Кеден органдары өздеріне Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлерін жүргізу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануы мүмкін.
Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін қолдану стратегиясы мен тактикасы, сондай-ақ оның жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы №100 бұйрығымен бекітілді.
Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесі:
кедендік бақылау объектілері, жасалған кедендік операциялар және тауарлар шығарылғанға дейін және шығарылғаннан кейін жүргізілген кедендік бақылау нәтижелері туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді;
тәуекелді бағалауды;
тәуекел индикаторының сипаттамасын;
тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды және оларды қолдану тәртібін айқындауды;
тәуекелдер бейіндерін әзірлеуді және бекітуді;
кедендік бақылау объектілерін таңдауды;
тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдануды;
тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану нәтижелерін талдауды және бақылауды;
осы тармақта көрсетілген іс-шаралардың тиімділігін бағалауды қамтиды.
Тәуекелдерді басқару бойынша қызметті жүзеге асыру кезінде кеден органдары цифрлық жүйелерді және цифрлық технологияларды артықшылықпен пайдаланады.
Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесін іске асыруы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
Тәуекелдер бейіндері мен индикаторларында қамтылған ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін жағдайларды қоспағанда, құпия болып табылады.
Тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды саралап қолдану мақсатында кеден органдары кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды тәуекелдің төмен, орта немесе жоғары деңгейі санаттарына жатқызу арқылы оларды санатқа бөлуді жүзеге асыруы мүмкін.
Соңғы бірнеше жылдарда тәуекелдерді басқару жүйесін іске асыру кезінде кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды санатқа бөлу сәтті қолданылуда.
Санатқа бөлу алдыңғы кезендегі бұдан бұрынғы кезеңде санатқа бөлуді жүргізу кезінде СЭҚҚ қызметін сипаттайтын мәліметтерді талдау негізінде жүргізіледі. Санатқа бөлу үшін салықтық, кедендік және өзге мемлекеттік органдарының цифрлық жүйелерінен алынған СЭҚҚ туралы мәліметтер қолданылады.
СЭҚҚ санатқа бөлу кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзу фактілері бар болуы ескеріледі.
Санатқа бөлу тәртібі, өлшемшарттары және санаты бойынша импорттаушылар туралы мәлімет құпия ақпарат болып табылады және қызмет бабында пайдалану мақсатында қолданылады. Осындай амал жалпы әлемдік практика болып табылады және Дүниежүзілік кеден ұйымының (бұдан әрі – ДКҰ) сарапшыларымен, оның ішінде ДКҰ өткізген диагностикалық миссия барысында ұсынылған.
Тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың нәтижесі бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті ұдайы негізде талдау жұмыстарын жүргізеді және қажет болған жағдайда тиімсіз индикаторлар мен тәуекел бейіндерін түзетеді не жояды.