2025 жылға арналған мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша қызмет туралы есеп
Қазақстанды дамытудың негізгі бағыты – мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін толық автоматтандыру арқылы проактивті мемлекетке көшу болып табылады.
Мемлекеттік қызметтерді дамыту халық пен бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ салық төлеушілердің мемлекеттік кірістер органдарымен тікелей байланысын барынша азайта отырып, сапалы сервис көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 40 мемлекеттік қызметтің ішінде (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты «Салықтық есептілікті кері қайтарып алу» және «Жекеше практикамен айналысатын тұлғаны тіркеу» мемлекеттік қызметтері Мемлекеттік қызметтер тізілімінен алынып тасталды), олардың ішінде:
38 қызмет электрондық түрде көрсетіледі (үлес салмағы – 92,8%), оның ішінде 29 қызмет баламалы негізде (электрондық/қағаз түрінде) ұсынылады;
13 қызмет толық автоматтандырылған;
«Төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару» мемлекеттік қызметі Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция талаптарына байланысты электрондық форматқа ауыстырылмайды;
«Импорттық кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту» мемлекеттік қызметі бойынша сұраныстың болмауына байланысты оны электрондық форматқа ауыстырудың орынсыз екендігі туралы Цифрлық трансформация орталығының қорытындысы бар.
Автоматтандыру саласындағы Мемлекеттік кірістер комитетінің маңызды жетістіктерінің бірі – электрондық қызметтердің үлесін 99%-ға дейін жеткізу болып табылады. 2023 жылы электрондық түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 99,3%-ды, 2024 жылы – 99,2%-ды, ал 2025 жылы – 99,6%-ды құрады.
2025 жылдың 12 айында барлығы 17 308 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде электрондық түрде – 17 246 мыңы немесе 99,6%-ы. Сонымен қатар, салықтық есептіліктің 99,8%-ы электрондық түрде ұсынылады (9,4 млн нысан).
Мемлекеттік кірістер органдары Мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізілген 42 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның ішінде:
25 салықтық қызмет;
17 кедендік қызмет.
Олардың 92%-ы (39 қызмет) электрондық форматқа көшірілген, оның ішінде:
31 қызмет баламалы негізде көрсетіледі (электрондық/қағаз түрінде);
13 қызмет толық автоматтандырылған;
18 қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі;
37 қызмет «электрондық үкімет» порталында (egov.kz) қолжетімді.