Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 28 ақпандағы № 218 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 ақпанда № 31976 болып тіркелді

            "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1) тармақшасына, 16-бабының 4-тармағына және 19-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1) Мыналар: 

       1) "Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес; 

       2) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш нысаны осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес; 

       3) соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама нысаны осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес; 

       4) соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім нысаны 4-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

       1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

       3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2023 жылдың 3 наурызынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

"Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы "Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5, 16, 17, 18 және 19-баптарын іске асыру үшін әзірленді және "Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану" мемлекеттік қызметін көрсету (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін айқындайды 2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет жеке тұлғаға – Қазақстан Республикасының азаматына көрсетіледі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы, борышкер). 3. "Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшада жазылған. 4. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 14 маусымдағы № 452 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректер енгізу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8555 болып тіркелген) сәйкес енгізуді қамтамасыз етеді. Осы Қағидаларға өзгерістер (және) немесе толықтырулар енгізу кезінде, көрсетілетін қызметті беруші тиісті нормативтік құқықтық актіні әділет органдарында мемлекеттік тіркегеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде осындай өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамға (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация), "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына, Бірыңғай байланыс орталығына жібереді. 5. Заңның 5-бабына сәйкес республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы борышкердің арызы (бұдан әрі – Арыз) осы бұйрыққа 2-қосымшада бекітілген нысанда күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспайтын екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың немесе коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемелердің болуы және жиынтығында мынадай: 1) ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы; 2) өтініште көрсетілген кредиторлар алдындағы міндеттемелері бойынша осындай өтініш берілген күнге қатарынан он екі ай бойы өтеудің болмауы; 3) борышкерге қатысты "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі; 4) өтініш берілген күнге дейін 7 (жеті) жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімнің қолданылмауы шарттарына сәйкес келуі соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш беру үшін негіз болып табылады. Егер көрсетілетін қызметті алушы өтініш берілген күннің алдындағы 6 (алты) ай ішінде мемлекеттің атынан әлеуметтік көмек алушы болып табылса, осы тармақтың 2) тармақшасымен белгіленген шарттарға қарамастан, көрсетілетін қызметті алушы Өтініш бере алады. Егер міндеттемелерді орындамау мерзімі өтініш берілген күннен 5 (бес) жыл асса, осы тармақшамен белгіленген шарттарға қарамастан, көрсетілетін қызметті алушы Өтініш бере алады. 2-тарау. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету тәртібі 6. Өтінішті қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру: 1) Мемлекеттік корпорация арқылы; 2) www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы; 3) уәкілетті органның интернет-ресурсының веб-қосымшасы (бұдан әрі – веб-қосымша) арқылы жүзеге асырылады. 7. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін Өтінішті және мынадай құжаттарды: 1) осы бұйрыққа 2-қосымшамен бекітілген Өтінішке қосымшаға сәйкес кредиторлардың атауы, берешек сомасы, тұрған жері көрсетілген тізімді; 2) банктік қарыздың шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушының шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады. Екінші деңгейдегі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның банктік қарызы шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы оның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген жауаптары осы тармақшада көрсетілген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар болып табылады. Екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, борышкердің арызының көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымға жіберілгені туралы растама осы тармақшада көзделген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжат болып табылады. Көрсетілген қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерде қамтылған құжаттар мен мәліметтерді талап етуге жол берілмейді. 8. Көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 7-тармағымен көзделген құжаттардың толық пакетін Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынған кезде, Мемлекеттік корпорация қызметкері өтініш берушіден тиісті құжаттарды қабылдағаны туралы, мониторингтік ақпараттық жүйесімен иеленген штрих-кодымен қолхатты береді, онда қабылданған құжаттардың тізбесі, Өтінішті қабылдаған қызметкердің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), Өтініш беру күні мен уақыты, сондай-ақ дайын құжаттарды беру күні көрсетіледі Мемлекеттік корпорация қабылданған құжаттарды, курьерлік және (немесе) пошталық байланыс және (немесе) ақпараттық жүйе арқылы көрсетілетін қызметті берушіге жібереді. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде Өтініштер мен құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді. Көрсетілетін қызметті алушының осы Қағидалардың 7-тармағымен көзделген құжаттардың толық пакетін портал және (немесе) веб-қосымша арқылы ұсынған кезде, көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы белгі жіберіледі. Көрсетілетін қызметті алушының осы Қағидалардың 7-тармағымен көзделген құжаттардың толық емес пакетін Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынған кезде, Мемлекеттік корпорация қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тартады және жоқ құжатты көрсете отырып мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді. 9. Көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 5 және 7-тармағында көзделген мән-жайларға сәйкес келген кезде, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушы туралы мәліметтерді 15 (он бес) жұмыс күні ішінде порталда орналастырады. Көрсетілетін қызметті берушінің соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтер порталда орналастырылған күннен бастап 6 (алты) айды құрайды. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған жағдайда, уәкілетті ұйым өтініш берушіге мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ өтініш берушіге алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты, күні және орны (тәсілі) туралы хабарлайды. Тыңдау туралы хабарлама Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Тыңдау қорытындылары бойынша қызметті алушы туралы мәліметтер "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырады немесе осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту қалыптастырылады: 1) портал және (немесе) веб-қосымша арқылы жүгінген кезде – көрсетілетін қызметті берушінің лауазымды тұлғасының электронды-цифрлық қолымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында; 2) Мемлекеттік корпорацияға жүгінген жағдайда – көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасымен қол қойылған қағаз жеткізгіште береді. Мемлекеттік корпорацияда көрсетілетін қызметті алушыға дайын құжаттарды беру Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесіне сәйкес өзінің немесе оның өкілінің тиісті өкілеттігі көрсетілетін, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген құжат негізінде әрекет ететін оның өкілі жеке басын куәландыратын құжаттарды немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты көрсеткен кезде (сәйкестендіру үшін) жүзеге асырылады. Заңның 16-бабының 5-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартуға себеп болған негіздерді жойғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейін 3 (үш) ай өткен соң соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы Өтінішті қайтадан береді. 10. Соттан тыс банкроттық рәсімі, Заңнын 18-бабына сәйкес егер мұндай рәсімді жүргізу мерзімі ішінде: 1) көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге Мемлекеттік корпорация және (немесе) портал, веб-қосымша арқылы өзінің меншігіне мүлік түсіп немесе өзінің қаржылық және (немесе) мүліктік жағдайы өзгеріп, бұл оның кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін толық немесе 30 (отыз) пайыздан асырып орындауына мүмкіндік беретініне не кредитормен кредитордың алдындағы берешекті реттеу туралы келісім жасасқанына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысандағы өтінішті берсе; 2) мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті өзгенің иеленуіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ мүлік туралы мәліметтерді көрсететін құжаттарды жасыру, жою, бұрмалау фактілері анықталса; 3) көрсетілетін қызметті алушы қайтыс болса, соттың оны хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енсе; 4) Заңның 1-бабының 11) тармақшасында көрсетілген басқа кредиторлардың болу фактілері анықталып, соның салдарынан берешектің жалпы сомасы осы Қағидалардың 5-тармағының бірінші абзацында көрсетілген сомадан асып түсетін болса, тоқтатылады. 11. Соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату ӘРПК-нің 79-бабының талаптарын сақтай отырып, көрсетілетін қызметті беруші осындай рәсімнің тоқтатылғаны туралы хабардандыруды порталда орналастыруы арқылы жүзеге асырылады. 12. Заңның 18-бабына сәйкес соттан тыс рәсімді тоқтату үшін негіздер болмаған кезде, көрсетілетін қызметті алушы Өтініш берілген күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және көрсетілетін қызметті алушыны банкрот деп тану туралы шешімді осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығарады және порталда орналастырылуға жатады. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі мемлекеттік қызметті көрсетушімен: мемлекеттік қызметті алушының портал және (немесе) веб-қосымшадағы "жеке кабинетіне"; Мемлекеттік корпорацияға курьерлік, пошта байланысы және (немесе) ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік қызметті көрсетудің мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей жеткізеді. Мемлекеттік корпорацияда көрсетілетін қызметті алушыға дайын құжаттарды беру Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесіне сәйкес өзінің немесе оның өкілінің тиісті өкілеттігі көрсетілетін, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген құжат негізінде әрекет ететін оның өкілі жеке басын куәландыратын құжаттарды немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты көрсеткен кезде (сәйкестендіру үшін) жүзеге асырылады. 13. Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін мемлекеттік қызметті алуға көрсетілген мерзімде жүгінбеген кезде: Мемлекеттік корпорация мерзімінде талап етілмеген құжаттардың 1 (бір) ай ішінде сақталуын қамтамасыз етеді, одан кейін оларды одан әрі сақтау үшін көрсетілетін қызметті берушіге береді; көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушы алғанға дейін қабылдау орны бойынша талап етілмеген құжаттардың мерзімінде сақталуын қамтамасыз етеді. Көрсетілетін қызметті алушы 1 (бір) ай өткеннен кейін мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде Мемлекеттік корпорацияның сұрау салуы бойынша көрсетілетін қызметті беруші 1 (бір) жұмыс күні ішінде дайын құжаттарды көрсетілетін қызметті алушыға беру үшін Мемлекеттік корпорацияға жібереді. 14. Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе істен шыққан жағдайда, мемлекеттік қызметті көрсетуші техникалық ақаулар табылған сәттен бастап дереу бірыңғай қолдау қызметіне сұрау салу жіберу арқылы, мемлекеттік қызметтің атауы, көрсетілетін қызметті алушының бизнес-сәйкестендіру нөмірі, өтініштің әкімшілік құжатының нөмірі мен коды немесе өтініштің бірегей сәйкестендіру нөмірі, әкімшілік құжаттың нөмірі мен коды немесе рұқсат беру құжатының бірегей сәйкестендіру нөмірі, өтініш берушінің жеке сәйкестендіру нөмірі немесе авторизациялау сәтінен бастап қате туындаған сәтке дейін қатенің нақты уақытын көрсете отырып, қадамдық скриншоттарды қоса бере отырып "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторын (операторды) хабардар етеді. 3-тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі 15. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді. Шағымдар көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға беріледі. Көрсетілетін қызметті беруші шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды тұлға шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны әкімшілік істі және шағымды қарайтын органға жібереді. Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасайды, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді. Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. 16. Егер Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.
Дата публикации
10 августа 2023