Мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысы
Мүдделер қақтығысы ұғымы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы №416-V Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 1-тармағының 17) тармақшасында "мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық міндеттерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық" ретінде айқындалған.
Мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысына ұқсас анықтама "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы №41-V Заңымен берілді, ал осы Заңның мемлекеттік қызметшілердің тыйым салулар мен шектеулерді сақтауына, мүдделер қақтығысын реттеуге қойылатын талаптарға байланысты нормаларының қолданылуы мемлекеттік қызметтің барлық түрлеріне таралған.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысын реттеу тәртібі мемлекеттік қызметші туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы өзіне белгілі болған сәтте өзінің тікелей басшысын не мемлекеттік органның басшылығын жазбаша түрде хабардар етуге міндетті екендігінде болып табылады.
Мемлекеттік қызметші тарапынан мүдделер қақтығысын болғызбау немесе реттеу – оның өздігінен бас тартуы, ал мемлекеттік орган басшылығы тарапынан мемлекеттік қызметшіні лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттету немесе оларды өзгерту не мүдделер қақтығысын жою жөніндегі өзге де шаралар арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, мүдделер қақтығысы тарапы болып табылатын мемлекеттік қызметшінің мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қолданбауы тәртіптік теріс қылық деп танылады. Мемлекеттік қызметші, оның тікелей басшысы және мемлекеттік органның басшылығы өздеріне белгілі болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін тәртіптік жауаптылықта болады.
Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер органдарында мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде мүдделер қақтығысына әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін жеке мүдделіліктің туындауы туралы хабарлау тәртібі Департаменттің 20.04.2017 жылғы №173-Б "Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шаралар туралы" бұйрығымен айқындалған. Аталған бұйрыққа сәйкес:
- Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер органдары мемлекеттік қызметшілерінің мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысын болдырмау жөніндегі шаралар туралы жадынамасы бекітілді;
- мемлекеттік қызметші туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы өзіне белгілі болған сәтте өзінің тікелей басшысын немесе мемлекеттік органның басшылығын жазбаша түрде хабардар етуге міндетті;
- хабарлама жазбаша түрде ресімделеді және хабарламаларды тіркеу журналында тіркеледі;
- қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарына мүдделер қақтығысының туындауы немесе туындауы мүмкін туралы хабарлау міндеті енгізілді.
Әдеп жөніндегі уәкіл, Департаменттің Тарифтік реттеу басқармасының басшысы Н.С.Сапаров мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысы мәселелері бойынша 8 708 856 67 46 және 8 (7112) 53-84-20 телефондары бойынша азаматтарды күнделікті онлайн-қабылдау жүргізеді.
Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің мүдделер қақтығысы фактілері туралы ақпарат болған жағдайда, Орал қаласы, А.Каримуллин көшесі, 2/2, №308-бөлме мекенжайы, 8 (7112) 53-84-22, 8 701 406 45 67 телефон нөмірлері бойынша Департаменттің Адам ресурстары басқармасына хабарласуыңызды сұраймыз..
Л.Ф.Амангалиева,
БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің
Адам ресурстары басқармасының бас маманы