94-бап. Камералдық бақылау
- Салық төлеушi (салық агенті) ұсынған салықтық есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негiзiнде салық органдары жүзеге асыратын бақылау камералдық бақылау болып табылады.
Камералдық бақылау тәуекелдерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
- Салық органдарында тіркеу есебіне қою және (немесе) осы Кодекстің 96-бабынасәйкес салықтық есептілікті ұсыну және (немесе) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу арқылы салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жою құқығын беру камералдық бақылаудың мақсаты болып табылады.
95-бап. Камералдық бақылауды жүргізу тәртібі мен мерзімдері
- Камералдық бақылау салық органдарында бар мынадай деректерді:
1) салықтық есептілікті;
2) өзге де мемлекеттік органдардың салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерін;
3) салық төлеушінің қызметі бойынша әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді;
4) осы Кодексте белгіленген өзге де есептілікті салыстыру арқылы жүргізіледі.
- Камералдық бақылау осы Кодексте белгіленген осындай кезең үшін салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін тиісті салықтық кезең үшін жүргізіледі.
3. Камералдық бақылау осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жүзеге асырылады.