Жалпы ережелер
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабына, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 488 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүргізілді.
Талдау жүргізуге негіз болған құжаттар:
– Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің 2026 жылғы 10 наурыздағы № КГД-09-2-14/6229-ВН хаты;
– Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының 2026 жылғы 31 наурыздағы № 234-нег «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» бұйрығы;
– сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің бекітілген кестесі.
Талдау кезеңі: 2025 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Талдау объектілері:
– Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымдық бөлімшелері;
– Жамбыл облысы бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер басқармалары.
Талдау мәні:
– ұйымдастырушылық-басқарушылық қызмет;
– кадрлық үдерістер;
– мемлекеттік қызметтер көрсету;
– бақылау және рұқсат беру функцияларын іске асыру;
– салықтық және кедендік әкімшілендіру үдерістері;
– ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі;
–сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды ұйымдастыру.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу үшін Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының бұйрығымен жұмыс тобы құрылып, талдау жүргізу мерзімдері мен жауапты орындаушылар айқындалды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың басталғаны туралы ақпарат Департаменттің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында орналастырылды, бұл талдау рәсімінің ашықтығын және мүдделі тұлғалардың қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етті.
Нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді талдау барысында жекелеген тұлғаларға негізсіз артықшылықтар беретін немесе лауазымды адамдардың өкілеттіктерін әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік беретін ережелер анықталған жоқ.
Мемлекеттік кірістер органдарының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ведомстволық нормативтік құқықтық актілері негізінде реттеледі.
Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау
4.1. Персоналды басқару
2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің аумақтық бөлімшелерді қоса алғандағы штат саны 453 бірлікті, нақты саны 419 бірлікті құрады.
2025 жыл ішінде қызметке 51 адам қабылданып, 43 қызметкермен қызметтік қатынастар тоқтатылды.
Есепті кезеңде бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды атқаруға арналған конкурстық рәсімдер мемлекеттік қызмет туралы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өткізілді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Жамбыл облысының мемлекеттік кірістер органдарының жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылған сот актілері заңды күшіне енді.
Аталған фактілер лауазымды тұлғалардың салық төлеушілермен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей өзара іс-қимыл жасауына байланысты қызмет бағыттарының жекелеген бөліктерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетеді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекел факторы:
Қызметтік өкілеттіктерді іске асыру кезінде лауазымды тұлғалардың жеке және заңды тұлғалармен тікелей өзара іс-қимыл жасауын көздейтін үдерістердің болуы.
Себептері мен шарттары:
– жекелеген рәсімдердің лауазымды тұлғаның тікелей қатысуымен жүзеге асырылуы;
– лауазымды тұлғалар мен қызмет алушылар арасында жеке байланыстың болуы;
– профилактикалық және бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттілігі.
Ұсынымдар:
– бизнес-үдерістерді автоматтандыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
– қызмет алушылармен тікелей өзара іс-қимыл жағдайларын барынша азайту;
– сот және тәртіптік практиканы жүйелі түрде талдауды қамтамасыз ету;
– сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі профилактикалық жұмысты күшейту.
4.2. Мүдделер қақтығысын реттеу
Кадрлық тағайындаулар, мемлекеттік қызметті өткеру және басқарушылық шешімдерді қабылдау туралы мәліметтерді талдау барысында мүдделер қақтығысы фактілері анықталған жоқ.
4.3. Мемлекеттік қызметтер көрсету
2025 жылы барлығы 559 315 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 556 913 қызмет электрондық форматта көрсетілді.
Электрондық форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 99,6 пайызды құрады.
Тексерулер нәтижелерімен немесе уәкілетті органдардың заңды күшіне енген шешімдерімен расталған мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін бұзу фактілері анықталған жоқ.
Жүйелі сипаттағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
4.4. Рұқсат беру функцияларын іске асыру
2025 жылы алкоголь өнімдерін сақтау және өткізу бойынша 319 лицензия және көлік құралдарын кедендік мөрлер мен пломбалармен жүк тасымалдауға жіберу туралы 681 куәлік берілді.
Рұқсат беру функцияларын жүзеге асыру кезінде заңнама талаптарының бұзылу фактілері анықталған жоқ.
Жүйелі сипаттағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
4.5. Бақылау функцияларын іске асыру
2025 жылдың қорытындысы бойынша 3 384 салықтық тексеру және 55 кедендік тексеру аяқталды.
Тексеру материалдарын талдау тексерулерді тағайындау және жүргізу рәсімдерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын көрсетті.
Сонымен бірге, лауазымды тұлғалардың тексерілетін субъектілермен тікелей өзара іс-қимыл жасауына байланысты қызмет бағыты әлеуетті түрде осал үдерістер қатарына жатады және құрылымдық бөлімшелер басшылары тарапынан тұрақты бақылауды талап етеді.
Жекелеген бизнес-үдерістердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау
Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің кестесі
№ 1
Қызмет саласы: Салықтық әкімшілендіру.
Бизнес-үдеріс: Салық төлеушілермен өзара іс-қимыл.
Сыбайлас жемқорлық тәуекел факторы: Қызметтік өкілеттіктерді іске асыру кезінде лауазымды тұлғалардың салық төлеушілермен тікелей өзара іс-қимыл жасауы.
Растайтын факт: Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты заңды күшіне енген сот актісі.
Себептері мен шарттары: Жекелеген әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру кезінде жеке байланыстың болуы.
Ұсынымдар: Электрондық сервистерді дамыту, ішкі бақылауды күшейту, профилактикалық іс-шаралар өткізу.
Жауапты бөлімшелер: Мемлекеттік қызметтер басқармасы; камералдық мониторинг басқармасы; аумақтық мемлекеттік кірістер басқармалары.
№ 2
Қызмет саласы: Тауарлар мен көлік құралдарының орын ауыстыруын бақылау.
Бизнес-үдеріс: Автомобиль өткізу пункттерінде тауарлар мен көлік құралдарын мониторингтеу.
Сыбайлас жемқорлық тәуекел факторы: Лауазымды тұлғалардың сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей өзара іс-қимыл жасауы.
Растайтын факт: Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты заңды күшіне енген сот актілері.
Себептері мен шарттары: Мониторинг жүргізу кезінде лауазымды тұлғаның қатысуын көздейтін рәсімдердің болуы.
Ұсынымдар: Мониторинг үдерістерін одан әрі автоматтандыру және жеке байланыстарды барынша азайту.
Жауапты бөлімше: Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасы.
Қорытынды
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері бойынша лауазымды тұлғалардың салық төлеушілермен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей өзара іс-қимыл жасауын көздейтін үдерістерде жекелеген сыбайлас жемқорлық тәуекел факторларының бар екендігі анықталды.
Мемлекеттік қызметтер көрсету, рұқсат беру функцияларын іске асыру, бюджеттік қаражатты игеру, мемлекеттік сатып алулар және мүдделер қақтығысын реттеу салаларында жүйелі сипаттағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін растайтын фактілер анықталған жоқ.
Анықталған себептер мен жағдайларды жою мақсатында үдерістерді одан әрі цифрландыруға, лауазымды тұлғалардың қызмет алушылармен тікелей өзара іс-қимыл жасау жағдайларын қысқартуға, ішкі бақылау тетіктерін жетілдіруге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмысты жүргізуге бағытталған іс-шаралар іске асырылуға тиіс.
Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті
Қызметтік тергеп-тексеру бөлімі