POS-терминалдарды орнату және қолдану туралы.

"Төлемдер және төлем жүйелері туралы" ҚР Заңының 25-бабының 11-тармағына сәйкес дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өз қызметін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) орнатуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті.

            Мәселен, жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер, сондай-ақ салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режимін қолданатын және ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде орналасқандарды қоспағанда, қызметін астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар осындай жабдықты (құрылғыны) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті.

            Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға және (немесе) лездік төлемдер жүйесін пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолдану тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

            ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 01 шілдедегі №457 қаулысымен салық төлеушілер РОЅ-терминалдарды қолдануға міндетті қызмет түрлері айқындалды. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) орнатуды қамтамасыз етуге міндетті 14 қызмет түрін көздейтін тізбе қызметтері төмендегідей түрлер бойынша:

- автомобильдер мен мотоциклдерді көтерме және бөлшек саудада сату, оларды жөндеу және техникалық қызмет көрсету;

- көтерме және бөлшек сауда;

- қонақ үйлердің қызмет көрсетуі;

- мейрамхана қызметтерін ұсыну, тамақтануды ұйымдастырудың өзге де түрлері мен сусындар ұсыну;

- әуе және теміржол көлігіне жол жүру құжаттарын (билеттерді), багаж және жүк-багаж түбіртектерін сату;

- жүктерді көліктік өңдеу, қоймалау және сақтау бойынша қызметтер көрсету, тасымалдау бойынша қосалқы қызметтер және жүктерді тасымалдау бойынша қызметтер;

- туризм саласында қызмет көрсететін туроператорлар мен өзге де ұйымдардың қызметі (турагенттерден басқа);

- сақтандыру саласындағы қызмет;

- Денсаулық сақтау саласындағы қызмет;

- білім беру саласындағы қызмет;

- кинофильмдерді, бейне және телевизиялық бағдарламаларды тарату жөніндегі қызмет, кинофильмдерді көрсету;

- фитнес, спорт клубтарының, дискотекалардың қызметі;

- құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметі;

- боулинг (кегельбан) және бильярд бойынша қызмет көрсету.

            Бұл ретте, жоғарыда көрсетілген талап өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімінің, өз өндірісінің акваөсіру (балық аулау) өнімінің көтерме және бөлшек саудасы саласындағы қызметті, шығарылатын сөрелер, автодүкендер, шатырлар, дүңгіршектер, контейнерлер арқылы жүзеге асырылатын қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлерге және (немесе) заңды тұлғаларға қолданылмайды.

            Бұдан басқа, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексінің 142-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес, салық органдарына төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы мәселесі бойынша салықтық тексерулер жүргізу міндеті жүктелген.

            "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 195-бабына сәйкес дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болмағаны үшін ескерту жасауға әкеп соғатыны көзделген.

            Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап тартылған жағдайда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - алпыс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

            Мұндай жабдық қызмет көрсететін банкпен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен жасалған шарт негізінде орнатылады. Бұл жабдықты салық органдарында тіркеу талап етілмейді.

Дата публикации
23 сентября 2021