Тауарлардың сыртқы электрондық саудасына қатысты кедендік реттеуді енгізу туралы

Тауарлардың сыртқы электрондық саудасына қатысты кедендік реттеуді енгізу туралы

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер 2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне тауарлардың сыртқы (трансшекаралық) электрондық саудасын кедендік реттеу бөлігінде түзетулер әзірлеу жөніндегі жұмысты бастады. Электрондық сауда тауарлары деп жеке тұлғалардың "Интернет" желісі арқылы шетелдік интернет-алаңдарда сатып алатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына халықаралық пошта жөнелтілімдерімен не экспресс-тасымалдаушылармен жеткізілетін тауарлары түсініледі (Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2020 жылғы 9 қазандағы № 16 тапсырмасы).

Сыртқы электрондық сауданы кедендік реттеу мұндай тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарлардың жалпы массасынан бөлуді және мынадай ерекшеліктерді белгілеуді, яғни: электрондық сауда операторының институтын енгізу, электрондық сауда декларациясын енгізу, кеден ("Бондтық") қоймаларын пайдалана отырып, жеке тұлғаларға сыртқы электрондық сауда тауарларын өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету, сыртқы электрондық сауданың жекелеген тауарларына қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын сақтау бөлігінде хабарлама тәртібін енгізу.

Электрондық сауда операторы электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялауды жүзеге асырады және сатып алушы үшін кедендік төлемдерді төлейді деп болжанады, бұл бірінші кезекте жеке тұлғадан кеден органдарына жүгіну қажеттілігін алып тастайды, кедендік тазарту операцияларын жүргізуді айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, егер жеке тұлға кедендік тазартуды өзі жүргізгісі келсе, сатып алынатын тауарларды дербес кедендік декларациялау мүмкіндігі қалады.

Сондай-ақ түзетулермен жеке тұлғалардың тауарларды кеден қоймасы арқылы сатып алуы көзделеді, бұл тауарларды жеткізу мерзімдерін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа жоғарыда аталған өзгерістерді енгізу және осы өзгерістерге сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссияның актілерін қабылдау 2022-2023 жылдары жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі - Комитет) "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде тауарлардың сыртқы электрондық саудасы саласында пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізудің жекелеген мәселелері туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №7 өкімінің 1-тармағының г) тармақшасына сәйкес, бұл туралы хабарлайды. Осы пилоттық жоба шеңберінде Комитет Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 28 тамыздағы №158 шешімімен бекітілген нысан бойынша экспресс-жүктерге арналған жолаушылар кедендік декларациясы (бұдан әрі - ЭЖАЖКД) және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 28 қазандағы №142 шешімімен бекітілген экспресс-жүктерге арналған тауарларға декларация (бұдан әрі - ЭЖАТД) бойынша модульдер әзірледі.