Кедендік бақылаудың уақытша аймақтарының кейбір мәселелері туралы.

Кедендік бақылаудың уақытша аймақтарының кейбір мәселелері туралы.

Осы Уақытша кедендік бақылау аймақтарын құру (оның ішінде мүдделі тұлғаның өтініші бойынша), олардың жұмыс істеуін тоқтату қағидалары, оларға қойылатын талаптар, сондай-ақ уақытша кедендік бақылау аймағының құқықтық режимі (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 404-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және уақытша кедендік бақылау аймақтарын құру, олардың жұмыс істеуін тоқтату, оларға қойылатын талаптар, сондай-ақ құқықтық режимін айқындайды.

Кедендік бақылаудың тұрақты аймақтарынан тыс жерлерде тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік бақылауды, жүк және өзге де операциялар жасауды жүзеге асыру мақсатында аумақтық органның лауазымды тұлғасының қызметтік жазбасы, оның ішінде еркін түрде жасалған мүдделі тұлғаның өтініші негізінде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының (бұдан әрі – аумақтық орган) басшылары немесе оның орынбасарлары уақытша кедендік бақылау аймағын құру туралы шешім қабылдайды.

Аумақтық орган өтінішті аумақтық органда тіркелген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қарайды.

Уақытша кедендік бақылау аймағын құру мерзімін белгілеу 24 сағатты құрайды. Қызметтік жазбаның негізінде мерзім тағы 24 сағатқа дейін ұзартылуы мүмкін.

Тауарларды теміржол көлігімен тасығанда жеткізетін бекетте кедендік бақылау аймағы болмаған жағдайда оны құру туралы шешім қабылданған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні мерзімінен аспайтын уақытша кедендік бақылау аймағы құрылады.

Уақытша кедендік бақылау аймағын құру туралы қызметтік жазбада:

1) құрудың негiзi мен мақсаты;

2) құру мерзiмі;

3) тауарлар мен көлік құралдарына қатысты уәкілеттігі бар және (немесе) кедендік қарап тексеру, кедендік тексеріп қарау жүзеге асырылатын үй-жайлар мен (немесе) ашық алаңдарға иелік ететін тұлға туралы мәліметтер;

4) кедендік транзит кедендік рәімін аяқтау мақсатында темір жол көлігімен тасылатын жүкке қатысты уақытша кедендік аймағын құру үшін – тасымалдаушы және межелі бекеттің теміржол учаскесі туралы мәлімет;

5) уақытша кедендік бақылау аймағының орналасқан жері;

6) қолданылатын белгілеу құралдары көрсетіледі.

Уақытша кедендік бақылау аймағы оның шектері басқа қозғалыс қатысушыларына кедергі келтірмейтіндей етіп белгіленеді.

Уақытша бақылау аймақтарының шекаралары периметрі бойынша бірдей аралықтарда "кедендік бақылау аймағы" деген жазуы бар ені 50 миллиметрден кем емес ақшыл сары түсті созылмалы жолақпен, не бір бірінен 2 метрден аспайтын қашықтықтағы және 0,5 метрден кем емес, алайда қаралатын немесе тексерілетін көлік құралынан 4 метрден артық емес қашықтықтағы жол конустарымен шектеледі.

Уақытша кедендік бақылау аймағын құру немесе бас тарту жағдайында аумақтық орган тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде өтініш берушіге хабарлайды. Уақытша кедендік бақылау аймағы оны құруға үшін негіз болған іс- шаралары аяқталғаннан кейін немесе уақытша кедендік бақылау аймағын құру туралы аумақтық органның лауазымды тұлғасының қызметтік жазбасында, оның ішінде еркін түрде жасалған мүдделі тұлғаның өтінішінде көрсетілген қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс істеуін тоқтатады.