
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «ШҚО Мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы» тақырыбында кеңес өтті.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев, ШҚО бойынша МКД-нің басшылық құрамы, құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық басқармалары мен кеден бекеттерінің бастықтары қатысты.
Кездесу барысында Талғат Башев Департамент қызметкерлерін Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасымен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл саласындағы өзгерістермен таныстырды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту жөніндегі заңнамалық новеллаларды түсіндірді.
Бұдан әрі ШҚО бойынша МКД басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі уәкіл Ерік Татубаев Департаментпен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау бойынша ағымдағы жылы атқарылып жатқан негізгі іс - шараларға тоқталды.
Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, қызметкерлердің жауапкершілігін және олардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында 2022 жылдың 1 тоқсанында 87 іс - шара, 2021 жылы барлығы 392 іс-шара өткізілді.