Бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне көшу туралы

Бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне көшу туралы

Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін салық төлеушілер, егер олар:

      1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып танылса;

      2) осы режимді қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асырса, қолдануға құқылы (Салық кодексінің 696-1-бабының 1-тармағы).

"Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 30 Қаулысы (бұдан әрі –Тізбе) 2021 жылғы 2 ақпанда қабылданды.

Тізбе бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін 114 қызмет түрінен тұрады.

Егер қызмет түрлерінің бірі қызмет түрлерінің тізбесіне кірмейтін болса, онда салық төлеуші бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес.

Салық кодексінің 679 – бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жаңадан құрылғанын қоспағанда, салық төлеушi арнаулы салық режимiн қолдану шарттарына сәйкес келген кезде салық салудың жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен немесе өзге де арнаулы салық режимінен бөлшек салықтың арнаулы салық режимiне ауысуға құқылы.

Бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне көшу үшін салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны орналасқан жері бойынша салық органына қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде "электрондық үкімет"веб-порталы арқылы табыс етеді.

ҚҚС төлеуші болып табылатын және бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға көшуге ниет білдірген салық төлеушілер үшін ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығару рәсімі көзделгеніне назар аударамыз (Салық кодексінің 85-бабының 1-тармағы).

Түсіндіру жұмысы басқармасы