Салық салынатын импорттың мөлшерін түзету

Салық салынатын импорттың мөлшерін түзету

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI кодексінің 444-бабының 8-тармағына сәйкес импортталған тауарлар есепке қабылданған ай өткеннен кейін шартқа (келісімшартқа) қатысушылар осындай тауарлардың бағасын ұлғайту жағына өзгерткен жағдайда, салық салынатын импорттың мөлшері тиісті түрде түзетіледі.

Бұл ретте, Салық кодексінің 456 –бабының 5,10-тармақтарында Салық кодексінің 444-бабының 8-тармағына сәйкес импортталған тауарлардың бағасы осы Кодекстің 444-бабының 8-тармағына сәйкес ұлғайту жағына өзгертілген жағдайда импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы (бұдан әрі-ҚҚС) төленеді, сондай-ақ  тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш шартқа (келісімшартқа) қатысушылар импортталған тауарлар бағасын өзгерткен айдан кейінгі айдың 20-ынан кешіктірмей электрондық нысанда ұсынылады.

Сонымен бірге, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште сатып алынған импортталған тауарлардың өзгертілген құны көрсетіледі.

  Бағаны өзгерту туралы шарт (келісімшарт), салық салынатын импорт және қосылған құн салығы бойынша өзгертілген мән қамтылатын қосымша шот-фактура (егер шот-фактураны ұсыну (жазып беру) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайда) және (немесе) импортталған тауарлар бағасының өзгергенін растайтын өзге де құжат импортталған тауарлар бағасының ұлғайғанын растайтын құжаттар болып табылады.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде салық салынатын импорттың мөлшерін түзету импортталған тауарлардың бағасы ұлғаю жағына қарай өзгерген жағдайда ғана жүргізіледі.

Осылайша, егер импортталған тауарлардың бағасы азаю жағына қарай өзгерген жағдайда, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште (328.00-нысан) салық салынатын импорттың мөлшерін және импортқа ҚҚС сомасын азайту жағына қарай түзету жүргізілмейді.

Түсіндіру жұмысы басқармасы