Мұрагерлік жылжымайтын мүлікті сату кезінде салықты қалай төлеуге болады?

Мұрагерлік жылжымайтын мүлікті сату кезінде салықты қалай төлеуге болады?

Іс жүзінде мүлікті, оның ішінде мұраға алынған мүлікті сату кезінде құн өсімінен табыстың қалыптасуына байланысты облыс тұрғындарынан сұрақтар жиі туындайды.

Резидент болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының мүлікті сату жағдайларына тоқталып кетейік.

Мәселен, салық заңнамасына сәйкес жеке тұлғаның мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыс меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан азырақ уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін өткізу кезінде туындайды.

Тіркелген күннен бастап бір жылдан астам жоғарыда көрсетілген меншік құқығындағы мүлікті өткізген кезде ҚР резиденттерінде құн өсімінен түсетін табыс туындамайды.

Мұрагерлік түрінде алынған мүлікті өткізген жағдайларда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін мүліктің нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. (Салық кодексінің 331-бабының 6-тармағы)

Мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс. Осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.

Мысалы, 2020 жылы мүлікті сату кезінде бағалау туралы есептегі нарықтық құн 2021 жылғы 31 наурызға дейін және міндетті түрде меншік құқығы туындаған күні айқындалуы тиіс.

Егер қандай да бір себептер бойынша мүлікке меншік құқығы туындаған күнге нарықтық құн болмаса не нарықтық құнды айқындау мерзімі сақталмаса, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен бағалау құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін табыс болып табылады.

Бұл жағдайда бағалау құнын сатылған мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы айқындайтын болады. Мысалы, егер пәтерге меншік құқығы 2020 жылы пайда болса, бағалау құны 2020 жылдың 1 қаңтарына белгіленеді.

Осылайша, егер мүлікті сату кезінде жеке тұлғада оң айырма қалыптасса, есепті салық кезеңінен кейінгі 31 наурызға дейінгі мерзімде жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) тапсыру және декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын төлеу бойынша міндеттеме туындайды.

Мысалы, пәтер 2020 жылы 15 млн.теңгеге сатылды, нарықтық құны меншік құқығын тіркеу мерзімі мен күніне 10 млн. теңге сомасында белгіленді, онда құн өсімінен түсетін табыс 5 млн. теңге сомасында айқындалады және 10% мөлшерлеме бойынша салық салуға жатқызылады, ЖТС 500 мың теңге сомасында құрайды.

 

Түсіндіру жұмыс басқармасы