
Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорт көлемі ұлғайып келеді
Қазақстанның Еуразиялық экономикалық Одақ елдерімен тауар айналымы 2015-2019 жылдар кезеңінде 33%-ке ұлғайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов хабарлады.
Сөзінше, қазақстандық бизнеске жалпы 180-миллиондық нарық ашылды, кедендік шекара жоқ, тауарлар Одақ ішінде кедендік декларация ресімдеместен айналады.
«Бұл біздің кәсіпкерлерге еркін сауда жүргізуге, қазақстандық тауарларды экспорттауға мүмкіндік берді, демек, табыс табуға мүмкіндік береді», - деді Қ.Баеділов.
ЕАЭО елдері транзитті электрондық форматқа толық көшіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр
Соңғы жылдары ЕАЭО кедендік әкелу баждары сомаларының өсу серпіні байқалуда. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында хабарлады.
Ол атап өткедей, біздің еліміз Одақ жұмысы шеңберінде бюджетке қосымша 370 млрд. теңге қаражат алып, осындай түсімдердің оң сальдосына ие болып отыр. Яғни, іс жүзінде біздің басқа елдерге бергенімізге қарағанда аларымыз көбірек.
Сондай-ақ, вице-министр бірыңғай кедендік қағидалар мен тәсілдер транзиттік тасымалдау уақытының өзін де, сол сияқты бизнестің қаржылық шығындарын да айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік бергенін тілге тиек етті. .
«Мысал үшін, егер Одақ құрылғанға дейін Еуропадан Қазақстанға тауарларды транзиттік тасымалдау 7 күннен 15 күнге дейін уақытты алған болса, қазір – 5 күннен 10 күнге дейін қысқарды», - деп еске салды Қ.Баеділов.
Бұндай нәтиже Одақтың ішкі шекараларында кедендік бақылау алып тасталғанымен байланысты.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, бүгінде ЕАЭО елдері бірлесіп, транзитті электрондық форматқа толық көшіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Транзиттік жүктерді онлайн режимде мониторингтеу мақсатында навигациялық пломбаларды пайдалану жоспарлануда.
«Жаңа технологияларды пайдаланумен жүйені дұрыс құра отырып, біз қазақстандық тасымалдаушыларға Одақтың бүкіл аумағы бойынша транзит еркіндігін қамтамасыз етеміз, өйткені оларда бірнеше күннің ішінде тауарларды ешбір кедергісіз жеткізуге мүмкіндік болады», - деді Баеділов.
ЕАЭО аумағында тауарларды қадағалау жүйесін енгізу
халық денсаулығын қамтамасыз етеді
ЕАЭО шеңберінде тауарларды қадағалау жүйесін енгізу халық денсаулығының қауіпсіздігін және оның хабардар болуын қамтамасыз етеді.
ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында атап өткендей, жаңа жүйе біздің аумағымызға ықтимал қауіпті, тыйым салынған тауарларды әкелу тәуекелдерін төмендету, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ол үшін құқықтық база құрылып қойды.
«Біздің Одақтағы ортақ міндетіміз – экспорттаушыдан (өндірушіден) соңғы тұтынушыға дейін тауарлардың қозғалысын толық көру»,- дейді Қ.Баеділов.
Осылайша, бірыңғай нарықтарды қалыптастыру кезінде біздің кәсіпкерлерге сыртқы экономикалық қызметті жүргізу, тауарларымыздың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және өткізу нарықтарын табу үшін жағдай жасау – мемлекет үшін басымдық болып табылады.