«e-Salyq mobile» мобильді қосымшасының артықшылығы

«e-Salyq mobile» мобильді қосымшасының артықшылығы

Бұдан бұрын, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті әлеуметтік желілер аккаунттарында бірнеше рет МКК eSalyq порталының мобильді қосымшасының қолжетімділігі мен мүмкіндіктері туралы айтқан болатын.

Бүгін, біз E-Salyq mobile негізгі қызметтері туралы ақпаратты жеткіземіз:

«Онлайн брондау» сервисі

Халық пен бизнестің мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша өзара іс-қимылы кезінде қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 2020 жылдың шілдесінде e-Salyq mobile-да мемлекеттік кірістер органдарына бару күні мен уақытын брондау мүмкіндігі іске асырылды. Бұл функционал қызмет алушыларға кезек күту түріндегі уақыт шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның таралу қаупі жоғары болған жағдайда алдын ала брондау мүмкіндігі қызмет алушылардың ағынын реттеуге және қызмет көрсету орталықтарында кезек құруға жол бермеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік кірістер органдарына барар алдында салық төлеушілер баруды алдын ала белгілі бір уақытқа брондай алады. Бүгінгі таңда онлайн брондау облыс орталықтарында және ірі елді мекендерде орналасқан 73 Мемлекеттік кірістер органдарында қолжетімді.

 «Артық төлемді басқару» сервисі

2020 жылдың шілдесінен бастап салық әмиянында «Артық төлемді басқару» қызметі жүзеге асырылды. Салық төлеушілерге ұсынылған деректемелер (БСК, ТТК, МКБ коды, сома) бойынша салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің артық немесе қате төленген сомасын есепке жатқызу немесе бюджеттен қайтару жүргізуге электрондық өтініш жіберу мүмкіндігі берілген. Салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін салықтық емес төлемдерді есепке алу немесе қайтару бойынша операциялар осы сервисте «Салықтық емес бюджеттік төлемдер бойынша деректемелерді таңдау» қосымша бетінде деректемелерді дербес теру арқылы жүзеге асырылады.

«Салық объектілері бойынша деректерді түзету» сервисі

Көлік құралдары, жылжымайтын мүлік объектілері бойынша салықтың дұрыс есептелмеуіне әкеп соққан қате мәліметтер анықталған жағдайда және оларды жедел түзетуге жағдай жасау үшін салық объектілері бойынша деректерді түзету сервисі әзірленді. Ол онлайн режимде қате мәліметтерді түзетуге, оның ішінде, көлік құралының сипаттамаларын өзгертуге, иеліктен шығарылған көлік құралы бойынша дерекқордаға мәліметтерді түзету үшін, жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын өзгертуге және т. б. өтініштерді  мобильдік қосымша арқылы жіберуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, жақын арада жер учаскелері бойынша түзету сервисін пайдалануға беру жоспарлануда.

E-Salyq mobile сервистерін қолдану бойынша Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің біліктілігін бағалау үшін "құпия тұтынушы"тетігі қолданылатынын хабарлаймыз.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

Түсіндіру жұмыс басқармасы