Мемлекеттік кіріс органдарының басым міндеттерінің бірі - мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылады.
ШҚО бойынша МКД басшысының орынбасары Татубаев Ерік Мұхамедқанапияұлы сөз сөйлеу барысында атап өткендей, қазіргі уақытта жеке және заңды тұлғаларға 44 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 27 салық қызметі және 17 кедендік бағыттағы қызмет көрсету қарастырылған.
Осылайша, мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 44 мемлекеттік қызметтің 39 - ы немесе 88,6% - ы автоматтандырылған, бұл ретте 34-і электрондық үкімет порталында қолжетімді.
2020 жылдың 9 айы бойынша қорытындыласақ, 1 124 633 көрсетілген мемлекеттік қызметтің 1 109 672-сі (яғни, 98,7% -ы) электрондық түрде көрсетілген, өткен жылы бұл көрсеткіш - 92,8% құраған.
Сондай-ақ, ШҚО бойынша МКД орынбасары атап өткендей, мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау саласындағы жаңалықтардың бірі - ШҚО бойынша МКД мемлекеттік қызметтер басқармасының қызметкерлерін КБЭЖ Ахуалдық орталығына қосу болды. Нәтижесінде нақты уақыт режимінде қызмет көрсету орталықтарындағы кезектердің ағымдағы жай-күйіне күнделікті бақылау жүзеге асырылады, сондай-ақ кезектілікті бөлу бойынша жедел шаралар қабылданады.
Ерік Мұхамедқанапияұлы 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап eSalyq «Салық әмияны» мобильді қосымшасы іске асырылғанын атап өтті. Бұл қосымша App Store және Play Market алаңдарында қолжетімді.
Салық әмияны дұрыс емес төлемдер мен өсімпұлдарды алып тастауға, қайтарымдар мен инкассолық өкімдер санын қысқартуға, салық төлеушілердің уақытын үнемдеуге және банктердің комиссияға арналған шығыстарын алып тастауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта салық әмиянын пайдаланушылар саны 78 мыңнан асады.
Өз сөзінде Ерік Татубаев тауарларды декларациялау «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінің арқасында толығымен электронды түрде жүзеге асырылатынын атап өтті.
01.01.2020 жылдан бастап 30.09.2020 жылға дейінгі кезеңде «Астана-1» ақпараттық жүйесі ШҚО бойынша МКД кеден бекеттерінің қызмет аймағында тауарларға 7894 декларация (бұдан әрі-ТД) шығарды. Оның ішінде, 6155 ТД (77,9%) «жасыл дәліз» бойынша, «сары дәліз» бойынша 1150 ТД (14,6%), «көк дәліз» бойынша 162 ТД (2,1%) және «қызыл дәліз» бойынша 427 ТД (5,4%) шығарылды, - деп хабарлады ол.
Жұмыстағы ашықтық және айқындық қағидаттарын, сондай-ақ заңнама нормаларын насихаттауды басшылыққа ала отырып, өзекті ақпаратты салық төлеушілерге жеткізу арқылы ШҚО бойынша МКД тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында:
- Facebook, Instagram, Twitter, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде;
- «Сарапшыға сұрақ» айдарында;
- апта сайынғы тікелей эфирлер өткізу арқылы;
- Сондай-ақ, салық мәселелері бойынша сұрақтарға 8 701 602 73 44 нөмірі бойынша WhatsApp мессенджерінде;
- 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалған кезде 4 санын таңдау арқылы;
- 8 771 352 19 52 телефоны бойынша МКД басшысының онлайн қабылдауына жазылу арқылы жауап алуларыңызға болады.