2021-2022 жылдары мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесі ҚР Қаржы министрлігінің 2020 жылғы 28 желтоқсандағы № 1241 бұйрығымен бекітілді, бұйрық "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 130-бабының 3-тармағына сәйкес қабылданды.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдар болып табылатын, осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзету есепке алынбағанда жылдық жиынтық кірісі неғұрлым көп, бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) тіркелген активтерінің құндық балансының сомасы салықтық кезеңнің соңына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі бекітілуге жататын жылдың соңында қолданыста болатын, кемінде 325 000 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайтын;
2) жұмыскерлерінің саны кемінде 250 адамды құрайтын салық төлеушілер жатады.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесі, көрсетілген тізбе қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ұсынылған салықтық есептілік деректерінің негізінде қалыптастырылады және оны уәкілетті орган көрсетілген тізбе қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді. Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеуші таратылған жағдайда, сондай-ақ соттың оны банкрот деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап осы салық төлеуші ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесінен шығарып тасталған деп танылады.