Кеден саясатының маңызды бағыттарының бірі тауарлардың жекелеген санаттарын әкелу және әкету қағидаларын белгілейтін тыйымдар мен шектеулер жүйесі болып табылады. Тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі және (немесе) тыйымдар мен шектеулер сақтала отырып, кедендік рәсімдерге орналастырылады.
Біржақты тәртіппен енгізілетін шараларды қоса алғанда, тарифтік емес реттеу шараларының, сондай-ақ техникалық реттеу шараларының сақталуы Одақ туралы шартқа сәйкес Комиссия айқындаған жағдайларда және тәртіппен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталады. Әскери мақсаттағы өнімдерге қатысты шараларды қоса алғанда, бақылаудың ерекше шараларының сақталуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген жағдайларда және тәртіппен құжаттарды және (немесе) осындай шаралардың сақталуын растайтын мәліметтерді ұсыну арқылы расталады.
Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген талаптарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына әкелінетін тауарлардың сәйкестігін растайтын құжаттар және осындай құжаттардағы мәліметтер туралы ақпарат алмасу жөніндегі техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган мен уәкілетті органның ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәртібі техникалық реттеу шараларының сақталуын растау мақсатында бірлескен актімен айқындалады.
Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралардың, сондай-ақ радиациялық талаптардың сақталуы Одақ туралы шартта және оған сәйкес қабылданған Комиссия актілерінде белгіленген тәртіппен және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, карантиндік фитосанитариялық және радиациялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру нәтижелері бойынша расталады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке тұлғалардың Одақ туралы шартта көзделген және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттермен сауда жасауда тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде әкету ерекшеліктерін Комиссия айқындайды.
Егер тыйымдар мен шектеулерді белгілейтін актілерде олардың сақталуын растау жағдайлары және (немесе) тәртібі айқындалмаса, мұндай тыйымдар мен шектеулердің сақталуы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде, сондай-ақ тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару немесе экспорт кедендік рәсімдеріне орналастыру кезінде расталады.