2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жеке табыс салығын (ЖТС) және әлеуметтік салықты есептеу және төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілген жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді.
🔹 Жеке табыс салығы
Негізгі өзгерістердің бірі — ЖТС-тың прогрессивті мөлшерлемесін енгізу (ҚР Салық кодексінің 363-бабы).
Жеке тұлғалар үшін мынадай мөлшерлемелер белгіленді:
жылдық салық салынатын табыс 8 500 АЕК-ке дейін — 10 %;
8 500 АЕК-тен асатын табыс сомасына — 15 %.
Бұл ретте 15 % мөлшерлеме белгіленген шектен асатын сомаға ғана қолданылады.
Жекеше практикамен айналысатын адамдар үшін ЖТС мөлшерлемесі 9 % құрайды.
Дивидендтер түріндегі табыстарға салық салынатын табыс мөлшері 230 000 АЕК-ке дейін қоса алғанда — 5 %, ал одан асатын сомаға — 15 % мөлшерлеме қолданылады.
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары үшін де 230 000 АЕК шегімен ЖТС-тың прогрессивті мөлшерлемесі көзделген.
🔹 Әлеуметтік салық
Әлеуметтік салықты есептеудің негізгі қағидалары ҚР Салық кодексінің 9-бөлімінде белгіленген.
2026 жылдан бастап әлеуметтік салықтың негізгі мөлшерлемесі 6 % құрайды (557-бап) және әлеуметтік аударымдар сомасымен өзара байланыссыз есептеледі.
Әлеуметтік салықтың 1,8 % мөлшерлемесі мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыруға байланысты салық салу объектілеріне қолданылады:
өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу;
өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу.
Жеке кәсіпкерлер және жекеше практикамен айналысатын тұлғалар үшін әлеуметтік салық арнайы тәртіппен есептеледі:
өзі үшін – 2 АЕК;
әрбір жұмыскер үшін – 1 АЕК.
Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін жоғарыда көрсетілген ауыл шаруашылығы қызметінің түрлеріне байланысты әлеуметтік салық:
өзі үшін – 0,6 АЕК;
әрбір жұмыскер үшін – 0,3 АЕК мөлшерінде есептеледі.
Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған және оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілер әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды.
Осылайша, 2026 жылдан бастап енгізілген өзгерістер салық төлеушінің санатына, табыс мөлшеріне және қолданылатын салық салу режиміне қарай жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты есептеудің сараланған тәсілін көздейді.