2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеуші салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау құқығын сақтайды. Шағым салық органының қорытындыларымен, анықталған бұзушылықтармен, есептелген салықтармен, бюджетке төленетін төлемдермен және өсімпұлдармен келіспеген жағдайда беріледі. 2026 жылдан бастап негізгі өзгерістер шағымдарды қараудың неғұрлым егжей-тегжейлі тәртібін белгілеуден тұрады. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаларға шағымдар апелляциялық тәртіп шеңберінде қаралады, бұл салық төлеушілердің өтініштерін қараудың объективтілігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ салық органдарының жекелеген рәсімдік әрекеттеріне шағым жасау тәсілі өзгерді. Егер бұрын кейбір құжаттарға шағым жасау салықтық тексерудің жүргізілуіне әсер етуі мүмкін болса, 2026 жылдан бастап салық органының жекелеген әрекеттеріне берілген шағым салықтық тексеруді тоқтата тұруға негіз болып табылмайды.
Уәкілетті органға шағым беру немесе сотқа жүгіну хабарламаның орындалуын шағым жасалған бөлігінде тиісті шешім қабылданғанға дейін тоқтата тұрады. Шағым хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде беріледі. Шағым беру мерзімі салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап есептеледі. Уәкілетті органға шағым беру тәсіліне қарай оны беру күні болып мыналар есептеледі:1) келу тәртібімен – уәкілетті орган шағымды тіркеген күн; 2) пошта немесе өзге де байланыс ұйымдары арқылы – пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойған күн; 3) электрондық түрде – веб-портал арқылы жіберілген күн. Шағымға салық төлеуші немесе оның өкілі қол қоюы және онда өз ұстанымының негіздемесі, заңнама нормаларына сілтемелер, сондай-ақ растайтын құжаттар қамтылуы тиіс.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
хабарламаны өзгеріссіз қалдыру, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыру;
хабарламаның күшін толық немесе ішінара жою.
Өз құқықтарын қорғау үшін салық төлеуші шағым беру мерзімдерін сақтауы, дәлелдемелерді ұсынуы және өз ұстанымын сауатты түрде негіздеуі маңызды.