Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының

2020 жылғы «14» қаңтар №____ бұйрығымен

бекітілген

 

 

Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары

 Жалпы ережелер

  1. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары (бұдан әрі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы»» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының
    10-бабына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бекіткен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеу бойынша әдістемелік ұсынымдарға сәйкес салықтық және кедендік әкімшілендіру: қоғамдық қарым-қатынастардың оқшауланған салалары үшін әзірленді.
  2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың әзірлеушісі болып табылады.
  3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар қоғамдық қарым-қатынастардың оқшауланған саласы үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесін белгілеуге бағытталған.
  4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеудегі міндеттер:

1) қоғамдық қарым-қатынастардың оқшауланған салаларында жұмыс істейтін тұлғаларда орнықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру;

2) сыбайлас жемқорлықтың көріністерін уақтылы анықтау және олардың теріс салдарын болдырмау болып табылады.  

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттартардың қағидаттары:

1) заңдылық;

2) ашықтық;

3) әдептілік;

4) жеке және заңды тұлғалардың құқытары мен заңды мүдделерін сақтау және оларды сыбайлас жемқорлық көріністерден қорғау;

5) мүдделер қақтығысына жол бермеу болып табылады.

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар қоғамдық қарым-қатынастырдың оқшауланған саласында жұмыс істейтін тұлғалардың белгіленген қағидаларды мүлтіксіз сақтауға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған әрекеттерін және шешімдерін айқындайды.
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың негізіне лауазымдық міндеттерін орындауда сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау көзқарасы бойынша мыналарды:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар қозғайтын салада жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру;

2) өзінің құзыреті шегінде басқарушылық және өзге шешімдерді дайындау және қабылдау;

3) Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;

4) тыныс-тіршілік саласына сәйкес келетін ерекшелігіне байланысты өзге де қоғамдық-маңызды қатынастар кезінде тікелей әрекеттер енгізілген.

 

 

  1. Қоғамдық қарым-қатынастар саласында жұмыс істейтін тұлғалардың мінез-құлық (әрекет) қағидалары

 

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар қозғайтын салаларда жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асырған кезде:

1) Қазақстан халқы бірлігінің және елдегі ұлтаралық келісімнің нығаюуына ықпал ету, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне құрметпен қарау;

2) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, жеке тұлғалармен, заңды тұлғалардың өкілдерімен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік таныту;

3) қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділеттігін қамтамасыз ету; 

4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету;

5) өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалану.

  1. Өзінің құзыреті шегінде басқарушылық немесе өзге шешімдер дайындаған және қабылдаған кезде:

1) тікелей немесе тура басшысына мүдделер қақтығысының туындауы, қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жеке мүдделілік туралы, сыбайлас жемқорлық мінез-құлыққа және сыйлықтар алуға бейімділік туралы баяндау;

2) лауазымдық міндеттерін орындау кезінде жеке және пайдакүнемдік мүдедделерді басшылыққа алмау;

3) әділ қызметтік шешім қабылдауда әсер ете алатын өзара қарым-қатынастардың белгіленген тәртібін бұзатын заңсыз өтініштермен әріптестерге және басшыларға жүгінуден тартыну;

4) басқа тұлғаларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға көндірмеу және көтермелемеу;

5) лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін әріптестерге, басшыларға және өзге лауазымды адамдарға сыйлықтарды тарту етпеу және қызметтік емес қызметтер көрсетпеу;

6) лауазымдық өкілеттіктерін орныдаумен байланысты сыйлықтарды қабыл алмау;

7) мүліктік және мүліктік емес пайда мен артықшылықтарды алу немесе өндіріп алу мақсатында жариялануға жатпайтын қызметтік және өзге ақпаратты пайдаланбау;

8) егер лауазымға тағайындалу жақын туыстық қатынастағы тұлғалармен (ата-аналары, жұбайы, аға-інілері, апа-сіңлілері, балалары) тiкелей бағыныста және бақылауында болумен байланысты болса, одан бас тарту;

9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда белсенділік таныту;

10) сыбайлас жемқорлықтың мәлім болған фактілері туралы, сондай-ақ материалдарды жылдам не сөзбұйдаға салып қарастыру үшін қандай да бір пайда алуға көнушілік туралы басшылыққа дереу баяндау; 

  1. Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, лицензиялық-рұқсат беру функцияларын іске асыру және өзге де қызмет көрсеткен кезде мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғаларына ұсынылады:

1) мемлекеттік қызметті көрсетудің сапасын арттыру бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдау;

2) мемлекеттік көрсетілетін қызмет, лицензиялар және рұқсат беру құжаттарын алуға арналған өтініштерді қарастырған кезде сөзбұйда фактілеріне жол бермеу, оларды белгіленген мерзімде беру; 

3) мемлекеттік қызмет, лицензиялар және рұқсат беру құжаттарын алуға өтініш берген өтініш иелерімен қызметтен тыс қарым-қатынасқа түспеу;

4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға көндірген кезде басшылыққа баяндау;

  1. Мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне кіретін жеке және заңды тұлғаларға тексеруді ұйымдастырған кезде лауазымды тұлғаларға ұсынылады:

1) тексеру субъектілерінің қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жол бермеу;

2) жеке мүдделер мен үшінші тұлғалардың мүдделері үшін тексерулерге бастамашылық етуге жол бермеу;

3) тексеру іс-шараларын тексерілетін субъектілердің есебінен жүргізуді болдырмау;

4) тексерілетін субъектілерге заңсыз талаптар қоймау, тексеру пәніне жатпайтын өтініштермен жүгінбеу;

5) тексерілетін субъектіге тексеріс кезінде оның мәніне жататын қажетті ақпаратты ұсыну;

6) жеке және пайдакүнемдiк мүдделерiнде кәсіпкерлік қызметтің субъектілеріне қолдау көрсетпеу;

7) тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін кәсіпкерлік субъектілерінен тексеру пәніне жатпайтын құжаттарды талап етпеу;

8) кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз лауазымдық міндеттерін орындау кезінде мәлім болған коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жағдайларды қоспағанда, жариялауға және (немесе) пайдалануға жол бермеу.

  1. Мемлекеттік кірістер органдарының жұмыскерлерін іріктеу және орналастыру бойынша кадр жұмысын ұйымдастырған кезде мемлекеттік кірістер органдарының басшылары мен лауазымды тұлғаларына ұсынылады:

1) меритократия қағидаттарын басшылыққа алу;

2) тағайындауға арналған материалдарды қарастырудың белгіленген мерзімін сақтау және бақылау; 

3) мемлекеттік кірістер органдарына жұмысқа қабылдаған кезде негізгі міндеттерді, лаузымдық тұлғаларға қолданылатын тыйымдар мен шектеулерді түсіндіру;

4) кадрларды іріктеу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау.

  1. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындаған кезде:

1) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауда және талқылауда жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының міндетті қатысуы;

2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің міндетті қатысуы;

3) нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобаларын мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолдағанға дейін көпшілік талқылауы үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастыру;

4) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерінің жобалары сараптамалық кеңес отырысында қаралғанға дейін интернет-ресурстарды қоса алғанда,  бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті жариялануға (таралуына) жатады;

  1. Тыныс-тіршілік саласының ерекшелігіне байланысты өзге де қоғамдық-маңызды қатынастар кезінде:

1) бағынысты лауазымды тұлғалардың қызметтік өкілеттіктерінің міндеттері мен көлемін нақты және анық айқындау;

2) бағыныстағы лауазымды тұлғалардың арасында еңбек жүктемесінің тең бөлінбеуіне жол бермеу;

3) олардың қызметтерінің нәтижелерін бағалаған кезде, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолданған кезде әділдік пен объективтілік білдіру;

4) анық орындай алмайтын немесе лауазымдық міндеттерінің шеңберінен тыс, сондай-ақ заңнамаға қайшы келетін өкімдер бермеу; 

5) қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде бағыныстағы қызметкерлердің қызметіне ықпал етуге өзінің қызметтік дәрежесін пайдаланбау;

6) бағыныстағы қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға мәжбүрлемеу;

7) бағыныстағы қызметкерлер мен басқа лауазымды тұлғалардың тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын бұзу фактілерінің жолын кесу және жол бермеу;

8) өзінің қызметтік міндеттерін орындау барысында әріптестерде туындаған мүдделер қақтығысын реттеу бойынша тыңғылықты шараларды уақтылы қабылдау; 

9) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тыңғылықты шараларды қабылдау;

10) жоғары тұрған не төмен тұрған, не қызмет немесе жұмыс бабында олармен өзгеше тәуелдiлікте болатын лауазымды адамдармен ақшалай немесе өзге де мүлiктік сипаттағы құмар ойындарға қатыспау.

 

Дата публикации
06 ноября 2020