1. Осы бап бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күннен бастап қаржылық-шаруашылық қызметті жүзеге асырмайтын қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын не қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын;
2) ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданбайтын;
3) қайта ұйымдастырылмаған немесе қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры болып табылмайтын, таратылатын резидент-заңды тұлғаның салықтық міндеттемесін орындау ерекшеліктерін белгілейді.
Осы тармақшаның ережесі қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды;
4) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде іріктелген салықтық тексерулер тізіміне енгізілмеген не тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексерулердің, сондай-ақ тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімдік салықтық тексерулердің жартыжылдық графигіне енгізілмеген;
5) жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын, таратылатын резидент-заңды тұлғаның салықтық міндеттемесін орындау ерекшеліктерін белгілейді.
Осы бап осы тармақта айқындалған шарттарға сәйкес келетін резидент-заңды тұлғаларға қатысты осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде қолданылады.
2. Тарату туралы шешім қабылданған жағдайда, заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салықтық есептілігін;
3) аралық тарату балансын;
4) Бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады.
Таратылатын заңды тұлға таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей төлейді.
Салық органы таратылатын заңды тұлғаның қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде заңды тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізілмеген кезең үшін:
1) уәкілетті мемлекеттік органдарға – қызметі тоқтатылатын заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікпен жасаған мәмілелері туралы, сондай-ақ салық органының сұрау салуы алынған күнгі жағдай бойынша оның мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну туралы;
2) екінші деңгейдегі банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – қызметі тоқтатылатын заңды тұлғаның салық органының сұрау салуы алынған күні банктік шоттарындағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуды жібереді.
Салық органының сұрау салулары бойынша осы тармақта көрсетілген мәліметтер, егер осы Кодекстің 24-бабы бірінші бөлігінің 13) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, алынған күнінен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.
Салық органы осы баптың 5-тармағында көзделген барлық мәліметті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асырады және осы Кодексте айқындалған тәртіппен қорытынды жасайды.
Қорытындыда камералдық бақылау нәтижелері және салықтар, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысулардың жай-күйі көрсетіледі.
Қорытынды кемінде екі данада жасалады және оған салық органының лауазымды адамдары қол қояды. Қорытындының бір данасы оған қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, таратылатын заңды тұлғаға қолын қойдыра отырып тапсырылады немесе оған хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, таратылатын заңды тұлғаға қорытынды алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей осы Кодекстің 12-тарауында айқындалған тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама табыс етіледі.
Таратылатын заңды тұлға камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды осы Кодекстің 96-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
Хабарлама орындалмаған және (немесе) салық органдары салық төлеуші ұсынған түсініктермен келіспеген жағдайда, таратылатын заңды тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі. Бұл ретте салықтық тексеру осындай хабарламаны орындау мерзімі өткеннен кейін және (немесе) анықталған бұзушылықтар бойынша келіспеу туралы түсінік алынғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
Заңды тұлға камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны алған күннен кейінгі күннен бастап тарату балансы бекітілген күнге дейінгі кезең ішінде жеке тұлғалар мен бейрезиденттердің төлем көзінен салық салуға жататын, дивидендтер түріндегі кірістері пайда болған жағдайда, таратылатын заңды тұлға өзінің орналасқан жеріндегі салық органына осындай салықтық міндеттеме бойынша таратудың салықтық есептілігіне қосымша салықтық есептілікті ұсынуға және оны толық көлемде орындауға міндетті. Таратылатын заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына тарату балансын ұсынады.