2026 жылғы салықтық тексерулердің түрлері: олардың айырмашылығы қандай?

2026 жылғы салықтық тексерулердің түрлері: олардың айырмашылығы қандай?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіліп, салықтық тексерулерді жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Маңызды өзгерістердің бірі – салықтық тексерулерді жоспарлы және жоспардан тыс деп бөлу тәртібінің жойылуы. Бұл ретте салықтық тексерулердің төрт түрі сақталды.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 152-бабының 1-тармағына сәйкес салықтық тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді.

  1. Кешенді салықтық тексеру

Кешенді салықтық тексеру салық төлеушінің салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің барлық түрлері бойынша міндеттемелерін орындауын тексеруді көздейді.

Мұндай тексеру барысында салық міндеттемелерінің дұрыс есептелуі, толық және уақтылы орындалуы қарастырылады.

Кешенді тексеру тақырыптық тексерулерге жататын мәселелерді де қамтуы мүмкін.

Құқықтық негізі: ҚР Салық кодексінің 155-бабы.

  1. Тақырыптық салықтық тексеру

Тақырыптық салықтық тексеру салық міндеттемелерін орындаудың және салық органдарының бақылауына жататын заңнама талаптарын сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша жүргізіледі.

Мысалы, тексеру барысында мынадай мәселелер қарастырылуы мүмкін:

  • қосылған құн салығын дұрыс есептеу және төлеу;
  • жекелеген салық түрлері бойынша міндеттемелерді орындау;
  • әлеуметтік төлемдерді толық және уақтылы аудару;
  • Салық кодексінде көзделген басқа да мәселелер.

Негізгі айырмашылығы: тақырыптық тексеру салық төлеушінің барлық салық міндеттемелерін емес, нақты мәселелерді қамтиды.

Құқықтық негізі: ҚР Салық кодексінің 156-бабы.

  1. Қарсы салықтық тексеру

Қарсы салықтық тексеру салық төлеушінің басқа тұлғалармен жүргізген операциялары туралы қосымша ақпарат алу мақсатында жүргізіледі.

Мысалы, тексеру барысында контрагентпен жасалған шаруашылық операцияларының нақты жүзеге асырылғанын растау қажет болған жағдайда, салық органы қарсы тексеру жүргізуі мүмкін.

Оның негізгі мақсаты – салық төлеушілер арасындағы операциялар туралы мәліметтердің дұрыстығын анықтау.

Құқықтық негізі: ҚР Салық кодексінің 157-бабы.

  1. Хронометраждық зерттеп-қарау

Хронометраждық зерттеп-қарау салық төлеушінің нақты кірістерін және кіріс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығындарын анықтау мақсатында жүргізіледі.

Зерттеп-қарау барысында мемлекеттік кірістер органдары белгілі бір кезеңдегі кәсіпкерлік қызметтің нақты көрсеткіштерін зерделейді.

Алынған нәтижелер салықтық тәуекелдерді басқару жүйесінде пайдаланылады, сондай-ақ кешенді немесе тақырыптық тексерулердің нәтижелері бойынша салықтарды есептеу кезінде ескеріледі.

Құқықтық негізі: ҚР Салық кодексінің 158-бабы.

  1. Салықтық тексерулердің негізгі айырмашылықтары

Тексеру түрі

Негізгі мақсаты

Кешенді тексеру

Барлық салықтық және әлеуметтік міндеттемелерді тексеру

Тақырыптық тексеру

Жекелеген салықтарды немесе нақты мәселелерді тексеру

Қарсы тексеру

Басқа тұлғалармен жүргізілген операциялар туралы мәліметтерді алу және растау

Хронометраждық зерттеп-қарау

Нақты кірістер мен шығындарды анықтау

  1. Салық төлеушілер нені білуі керек?

Салықтық тексерулер заңнамада белгіленген негіздер болған жағдайда жүргізіледі.

Тексеру жүргізу алдында мемлекеттік кірістер органы тиісті нұсқаманы ресімдейді. Онда тексерудің түрі, тексерілетін кезең және заңнамада көзделген басқа да қажетті мәліметтер көрсетіледі.

Салық төлеушілер тексеруге қатысты құжаттармен танысуға, түсініктемелер беруге және тексеру нәтижелеріне белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

Құқықтық негізі: Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 152–163-баптары.

 

Дата публикации
15 октября 2026