2026 жылғы камералдық бақылау: нені білу қажет?

2026 жылғы камералдық бақылау: нені білу қажет?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап камералдық бақылауды жүргізу тәртібінде бірқатар өзгерістер қолданысқа енгізілді.

Камералдық бақылау – мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушіге бармай-ақ, салық есептілігі нысандарын, құжаттарды және оның қызметі туралы басқа да мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде жүзеге асыратын бақылау шарасы.

Камералдық бақылаудың негізгі мақсаты – салық төлеушіге анықталған сәйкессіздіктерді өз бетінше жоюға және салық міндеттемелерін түзетуге мүмкіндік беру.

2026 жылдан бастап не өзгерді?

Камералдық бақылау барысында әртүрлі дереккөздердегі мәліметтер өзара салыстырылады. Олардың қатарында:

  • салық есептілігінің деректері;
  • электрондық шот-фактуралар (ЭШФ);
  • бақылау-касса машиналарының (БКМ) мәліметтері;
  • мемлекеттік органдардан алынған ақпарат;
  • валюталық бақылау және субсидиялар туралы мәліметтер;
  • мемлекеттік кірістер органдарында бар өзге де ақпарат.

Егер камералдық бақылау нәтижесінде мәліметтер арасында сәйкессіздіктер анықталса, салық төлеушіге «Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама» жіберіледі.

Хабарламаның жаңа нысаны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы №633 бұйрығымен бекітілген.

Хабарламаны орындау мерзімі

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарламаны орындау мерзімі – 30 жұмыс күні.

Мерзім хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап есептеледі.

Хабарлама алған жағдайда не істеу керек?

Егер салық төлеуші анықталған сәйкессіздіктермен келіссе, оларды жоюы қажет. Қажет болған жағдайда қосымша салық есептілігі ұсынылып, тиісті салық міндеттемелері орындалады.

Егер салық төлеуші анықталған сәйкессіздіктермен келіспесе, бұзушылықтың жоқ екенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, негізделген түсініктеме ұсына алады.

Ал сәйкессіздіктермен ішінара келіскен жағдайда, салық төлеуші келіскен бөлігін жояды, ал қалған бөлігі бойынша тиісті растайтын құжаттарымен бірге түсініктеме береді.

Осылайша, анықталған сәйкессіздіктермен келіспеген жағдайда негізделген түсініктеме мен растайтын құжаттарды ұсыну хабарламаны орындау тәсілдерінің бірі болып табылады.

Хабарлама орындалмаса не болады?

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда заңнамада көзделген шаралар қолданылуы мүмкін.

Олардың ішінде:

  • банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
  • электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру және заңнамада көзделген өзге де шаралар.

Сонымен қатар салық төлеуші хабарламаға сот тәртібімен шағымдануға құқылы. Заңнамада белгіленген талаптар сақталған жағдайда сот талқылауы кезеңінде хабарламаны орындау мерзімі тоқтатыла тұрады.

2026 жылы қандай сәйкессіздіктерге назар аударылуда?

2026 жылы камералдық бақылау шеңберінде, оның ішінде:

ҚҚС бойынша (300.00 нысаны):
өткізу бойынша айналымды төмендету, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу сомаларын негізсіз ұлғайтуға байланысты сәйкессіздіктер;

КТС бойынша (100.00 нысаны):
кірістерді толық көрсетпеуге байланысты сәйкессіздіктер анықталуда.

Сондай-ақ 2026 жылы мемлекеттік кірістер органдары жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын жеке кәсіпкерлердің және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілердің 2025 жылғы кірістерін толық көрсетуіне қатысты сәйкессіздіктерді анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Маңызды!

Камералдық бақылау туралы хабарлама алған жағдайда оны назардан тыс қалдырмай, онда көрсетілген сәйкессіздіктерді мұқият тексеру қажет.

Егер сәйкессіздік расталса – оны түзету, ал келіспеген жағдайда – белгіленген мерзімде негізделген түсініктеме мен растайтын құжаттарды ұсыну қажет.

Хабарламалардың бар-жоғын Салық төлеушінің кабинеті арқылы тексеруге болады.

Камеральный контроль в 2026 году: что нужно знать
Дата публикации
10 сентября 2026