Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ ерте сатыда алдын алу шараларын қабылдау арқылы салықтық тәуекелдердің алдын алу мақсатында көрсетілетін қаржы-шаруашылық операцияларының жалған болу ықтималдығы жоғары салық төлеушілердің тізбесі айқындалады.
Осылайша, салық төлеушілер қолданатын салық төлеуден жалтару схемаларын, сондай-ақ жалған электрондық шот-фактураларды (бұдан әрі – ЭШФ) жазып беру тәуекелдерін жою мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-ҚР Қаржы министрінің 03.10.2019 жылғы №1084 бұйрығымен «Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінің негізінде қосылған құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімдері» пилоттық жобасы (бұдан әрі-Пилоттық жоба) бекітілді.
Пилоттық жобаның қатысушылары:
1) сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша деректерді талдауға негізделген тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде айқындалған тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған ҚҚС төлеушілер;
2) жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған, салық төлеушілер жазып берген ЭШФ сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушылар болып табылатын салық төлеушілер (контрагенттер);
3) мемлекеттік кіріс органдары болып табылады.
Пилоттық жобаның негізінде салық төлеушіге жазып берілген ЭШФ көрсете отырып, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберіледі, бұл ретте ЭШФ жазып беру күні 2019 жылғы бірінші қаңтардан ерте болмауы тиіс. Пилоттық жоба шеңберінде жіберілген хабарламаларды орындау мерзімі-оларды тапсырған (алған) күннен бастап бес жұмыс күні ішінде.
Мыналар: хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда – жазып берілген ЭШФ– ны қайтарып алу; хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда-салық төлеушінің қаржы-шаруашылық операцияны жүзеге асыру фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, түсіндірме беруі салық төлеушінің хабарламаны орындауы деп танылады.
Бұл ретте, мемлекеттік кіріс органдары:
1) салық есептілігін табыс ету мерзімі өткенге дейін камералдық бақылау жүргізуге;
2) пилоттық жобаны іске асыру барысында жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған салық төлеушіден, сондай-ақ оның контрагенттерінен қаржы-шаруашылық операцияны жүзеге асыру фактісін растайтын құжаттарды ұсынуды талап етуге құқылы.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары салық кодексінің 118-бабына сәйкес ЭШФ АЖ-ға қолжетімділікті шектеуді қолдануды және банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруды жүргізеді.
Хабарлама орындалған жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары ЭШФ АЖ-ға қолжетімділікті шектеуді қолдануды жояды және салық төлеуші бойынша пилоттық жоба шеңберінде берілген тәуекел дәрежесі алынады.