Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындар акцизделетін тауарлар тізбесіне енгізіледі.
Бұл шара энергетикалық сусындар нарығындағы салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, өнім айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджетке түсетін түсімдердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Энергетикалық сусындарға акциз мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен енгізу көзделген:
▪️ 2026 жылдан бастап — 1 литр үшін 100 теңге;
▪️ 2027 жылдан бастап — 1 литр үшін 140 теңге;
▪️ 2028 жылдан бастап — 1 литр үшін 180 теңге.
Кезеңдік енгізу бизнеске жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік беріп, нарық қатысушылары үшін тең әрі әділ жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде энергетикалық сусындар алкогольсіз өнімдер нарығының тұрақты сегментіне айналған. Қазақстандық өндірушілер ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін экспортқа да шығарып келеді.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, нарықтың ашықтығын арттыру, адал бәсекелестікті дамыту және салықтық түсімдердің толық әрі уақытылы төленуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруда.