«Цифрлық қосылған құн салығы» жаңа пилоттық жобасын Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық банк бірлесіп жүзеге асыруда.
Жобаның негізгі мақсаты – қосылған құн салығын қайтару бойынша мемлекеттік қызметті жаңғырту және дамыту болып табылады. Ол үшін санды теңгені қолдану көзделген.
Осыған дейін валютаның 2 түрі – қағаз ақша және банктегі қолма-қол ақшасыз түрі болса, санды теңге – ұлттық валютаның жаңа үшінші түрі. Оның негізгі айырмашылығы – есеп айырысу функциясымен қатар қаржылық қозғалыстарды бақылау құралы болып табылады.
Бұл алдыңғы қатарлы сандық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Сандық теңгені токендеу технологиясы ақшаны бағдарламалауға және инновациялық қаржылық қызметтерді ендіруге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба ерікті түрде жүргізілетін болады және осы кезеңде қосылған құн салығын жылдам қайтару мақсатында экспорттаушыларға арналған.
Қосылған құн салығын қайтару – сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды толғандыратын ең өзекті мәселелердің бірі.
Тауарларды экспорттау кезінде қосылған құн салығын есептеу және төлеу жүргізілмейді, бұл ретте экспорттаушы сатушыдан немесе өндірушіден тауарларды, шикізатты сатып алу кезінде төленген салық сомаларын өтеуге құқылы.
Цифрлық қосылған құн салығы шеңберінде не ұсынылады және ол үшін не істеу керек?
Пилоттық жоба шеңберінде 55 (экспорт 70% - дан астам болғанда) және 75 жұмыс күнінің орнына 15 жұмыс күні ішінде салықтық тексеру жүргізбестен қосылған құн салығын қайтару ұсынылады.
Ол үшін қатысушыға қосылған құн салығы деп таңбаланған (бағдарламаланған) цифрлық теңгені Ұлттық банктен Екінші деңгейдегі банктер арқылы сатып алу қажет, ол тек электрондық шот – фактуралар бойынша жеткізушілермен және бюджетпен қосылған құн салығын төлеу бойынша есеп айырысу мақсатында ғана пайдаланылуы мүмкін.
Цифрлық теңгені олардың таңбаланған бөлігінде басқа мақсаттар үшін пайдалануға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болмайды.
Олар қосылған құн салығы түрінде қазынашылық шотқа түскеннен кейін ғана Қазынашылық комитеті оларды Ұлттық банк арқылы таңбаны шешеді және бюджетке есептейді.
Өз кезегінде, цифрлық теңгемен жасалған транзакциялар бойынша барлық ақпаратты, сондай-ақ өнім берушілер мен бюджетке түсетін түсімдер бойынша қосылған құн салығының қозғалысы туралы мәліметтерді Ұлттық Банк Мемлекеттік кірістер органдарына жолдайтын болады.
Бұл механизм мемлекеттік кіріс органдарына салықтық тексеру жүргізбестен қысқа мерзімде қосылған құн салығын қайтару үшін жеткілікті ақпаратқа ие болуға мүмкіндік береді.
Бұл экспорттаушыларға қандай артықшылықтар береді?
Біріншіден, қосылған құн салығын жедел қайтару экспорттаушыларға қаржы айналымының жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде бизнестің, өндірістің тұрақтылығына және оны кеңейту мүмкіндіктеріне оң әсерін тигізеді.
Екіншіден, қосылған құн салығын қайтарудың толықтығы мен мерзімдерінің айқындылығы бизнес-процестерді дәл жоспарлау, контрагенттермен есеп айырысу, кредиттік міндеттемелерді орындау және басқа да шығыстарды қамтамасыз етеді, бұл кәсіпкерлік қызметтің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Үшіншіден, салықтық тексерудің азаюы кәсіпкерлерге оң әсерін береді, салықтық тексерудің өзі әрдайым күйзеліске әкеледі, құжаттарды дайындау және ұсыну бойынша көптеген қосымша жұмыстармен бірге жүреді, бұл кәсіпкерге ыңғайсыздық тудырады.
Пилоттық жобаны Ұлттық банкпен бірлесіп сәтті өткізген жағдайда, бұл механизмді басқа да маңызды бағыттар бойынша сәтті іске асыруға болады.
Жалпы, біз адал кәсіпкерлер үшін көптеген артықшылықтар мен ыңғайлылықтарды көреміз – бұл қосылған құн салығын тез қайтару ғана емес, сонымен қатар салық органымен тікелей байланысты азайту, бұл салықтық бақылау шараларына, яғни тексерулерге, камералдық бақылауға және салық органдарының басқа шараларына қатысты. Біздің есебіміз бойынша бақылау шаралары 50% - дан астам немесе екі есеге қысқарады.
Өз кезегінде, бұл 2 негізгі себеп бойынша сыбайлас жемқорлық элементтерінің төмендеуіне айтарлықтай әсер ететінін атап өткен жөн:
- кәсіпкерлердің салық органдарының қызметкерлерімен тікелей байланысы барынша азайтылады;
- өздеріңіз білетіндей, біркүндік-фирмалар белгілі бір пайызға салықтарын азайтқысы келетін компанияларға қолма-қол ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін жалған шот-фактураларды сатады, шығын бөлігін ұлғайтып, ҚҚС бойынша есеп айырысу арқылы олар салық төлеуден жалтарады.
Бұл ретте, цифрлық қосылған құн салығы таңбаланып бағдарламаланылған болғандықтан бұндай жұмыстар жасау мүмкін болмайды.
Сондай-ақ, бұл елдің инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыру түрінде мультипликативті әсер береді.
Ұсынылған механизм Мемлекет басшысының белгілеген салықтық бақылауды цифрландыру тәсілдеріне сәйкес келеді және қойылған макроэкономикалық міндеттерді шешеді.