Мемлекеттік аппараттағы этика әртүрлі деңгейдегі қызметкерлердің кәсіби қызметі барысында сақтауға міндетті моральдық қасиеттері мен міндеттеріне негізделеді.
Осыған орай, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатында қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталды.
Мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік қасиеті мен іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы N153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бекітілген.
Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің жалпы мінез-құлық стандарттарын, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарын, қызметтік қарым-қатынаста өзін ұстауды, сондай-ақ көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуді анықтайды.
Әдеп кодексінің нормалары мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне арнайы, бірақ сонымен бірге мүмкін болатын талаптарды анықтайды.
Шымкент қаласы бойынша МКД
Әдеп жөніндегі уәкілі Н. Құлымбетов