Меню

Страницы

Статья

СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР

1. Жеке тұлғаның банкроттығы бойынша бас тарту себебін және (немесе) шешімді қай жерден көруге болады?

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 47-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында және «электрондық үкімет» веб-порталында:

  1. соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылған, тоқтатылған және аяқталған азаматтардың тізімін;
  2. тиісті сот ұйғарымдары мен шешімдері заңды күшіне енген азаматтардың тізімін орналастырады.

Банкроттық рәсімін қолдану, аяқтау немесе қолданудан бас тарту туралы қабылданған шешім, сондай-ақ қабылданған шешімнің негіздері туралы ақпарат eGov.kz веб-порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ Tazalau (Qoldau) порталында қолжетімді.

Осылайша, банкроттық туралы өтініш бойынша ақпаратты көрсетілген электрондық сервистер арқылы көруге болады.

2. Банкрот деп жарияланғаннан кейін қарыздар қанша уақыт ішінде есептен шығарылады?

Борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелері «электрондық үкімет» веб-порталында соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны және борышкердің банкрот деп танылғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап тоқтатылады.

3. 3 жыл бұрын банкрот деп танылдым, 3 жылдан кейін банкроттықтың күші жойылды. Оның негіздерін қай жерден көруге болады?

Банкроттың қаржылық жағдайына мониторингті уәкілетті орган борышкер банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл ішінде жүргізеді.

Кредиторлар уәкілетті органнан ақпарат алған кезде борышкерді банкрот деп тану туралы шешімнің күшін жою және банкроттық рәсімін қайта бастау туралы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.

Заңның 47-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында және «электрондық үкімет» веб-порталында:

  1. соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылған, тоқтатылған және аяқталған азаматтардың тізімін;
  2. тиісті сот ұйғарымдары мен шешімдері заңды күшіне енген азаматтардың тізімін орналастырады.

Банкроттық рәсімін қолдану, аяқтау немесе қолданудан бас тарту туралы қабылданған шешім, сондай-ақ қабылданған шешімнің негіздері туралы ақпарат eGov.kz веб-порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ Tazalau (Qoldau) порталында қолжетімді.

4. Егер тұрақты табысым 250 мың теңге болса, ал кредиттер бойынша ай сайын 220 мың теңге төлеуім керек болса және жалпы қарызым 4 млн теңге болса, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініш бере аламын ба?

Тұрақты табыс болған жағдайда азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Рәсімді қолдану мүмкіндігі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шарттары туралы мәселені сот борышкердің қаржылық жағдайын және қаржы басқарушысының қорытындысын ескере отырып анықтайды.

5. Банкрот деп танылғаннан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам / жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеуге бола ма?

Банкрот деп танылған адамға соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл ішінде қарыз берілмейді, сондай-ақ банктік қарыз беру және микрокредит беру шарттары бойынша одан кепіл, кепілдік және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз ету қабылданбайды (Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 19-бабының 2 және 3-тармақтары).

Сонымен қатар, аталған шектеулер азаматтың заңнамада белгіленген тәртіппен еңбек және кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырмайды.

Осылайша, азаматтың банкрот деп танылуы оның жұмысқа орналасуына, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде қызмет етуіне немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне кедергі келтірмейді және кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырмайды.

6. Банкроттыққа өтініш бергенімізге 6 айдан астам уақыт өтті, бірақ шешім жоқ. Qoldau порталынан өтінішті/шешімді қай жерден табуға болады? 6 ай бұрын «қаралуда» деген SMS келген, бірақ қазір таба алмай отырмын.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңның 17-бабының 1-тармағына сәйкес уәкілетті органның соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап алты айды құрайды.

Банкроттық рәсімін қолдану, аяқтау немесе қолданудан бас тарту туралы қабылданған шешім, сондай-ақ қабылданған шешімнің негіздері туралы ақпарат eGov.kz веб-порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ Tazalau (Qoldau) порталында қолжетімді.

7. Банкроттық бойынша оң шешім шықты, мен банкрот деп танылдым. Жеке сот орындаушысы (ЖСО) өз қызметі үшін ақы төлеуді талап етіп, ақы төлемесем, тыйымды (арестті) алып тастаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Бұл дұрыс па?

Борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелері «электрондық үкімет» веб-порталында соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны және борышкердің банкрот деп танылғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап тоқтатылады.

ЖСО салған тыйымды алып тастаудан бас тарту мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне және (немесе) Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына жүгінуді ұсынамыз.

8. eGov арқылы соттан тыс банкроттыққа өтініш беріп жатырмын. Қарыздарым тек банктерге тиесілі, ал ЖСО-ларда атқарушылық іс жүргізулер бар. Менің жалақыма тыйым салына ма? Немесе тыйымға байланысты 6 айлық мерзім аяқталғанға дейін шоттарымды пайдалана алмаймын ба?

Соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылғаннан кейін осы рәсіммен қамтылатын кредиторлардың талаптарына қатысты атқарушылық іс жүргізулер тоқтатыла тұрады. Яғни ЖСО салған тыйымдар соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталып, борышкер банкрот деп танылғаннан кейін ғана алынады.

9. Егер борышкер өтініш бергенге дейінгі 12 ай ішінде қарызы бойынша өз еркімен төлем жасамаған болса, бірақ банк оның шотынан ақшаны автоматты түрде (мәжбүрлеп), оның ішінде нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде есептен шығарса, бұл соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға кедергі келтіретін қарызды өтеу болып санала ма?

Заңның 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес міндеттемелер бойынша қатарынан он екі ай ішінде өтеудің болмауы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану негіздерінің бірі болып табылады.

Өтеу деп республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем жасалған күнде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) бір еселенген мөлшерінен асатын төлем есептеледі.

Өтеудің болмау мерзімі әрбір банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру шарты бойынша соңғы төлем жасалған күннен бастап есептеледі.

Осыдан төлем дегеніміз — қарызды өтеуге енгізілген ақша сомасы екені шығады. Бұл ретте Заң өтеу ретінде жасалған төлемнің немесе әрекеттің сипатын (ерікті / мәжбүрлі) анықтамайды.

Демек, соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын төлем ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде жасалғанына қарамастан, қарызды өтеу болып есептеледі.

Сонымен қатар, көрсетілген мерзім ішінде міндеттемелер бойынша төлем болмағаны туралы ақпаратты уәкілетті органға Қазақстан Республикасының «Кредиттік бюролар және Қазақстан Республикасында кредиттік тарихтарды қалыптастыру туралы» Заңының 20-бабына сәйкес кредиттік бюролар ұсынады.

Ұсынылатын ақпаратта төлемнің ерікті немесе мәжбүрлі түрде жасалғаны туралы мәліметтер көрсетілмейді.

10. Егер жұбайының некеге тұрғанға дейін сатып алған мүлкі болса және бұл мүлік оның жеке меншігі болып табылса, бұл соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартуға негіз бола ма?

Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішін қарау кезінде борышкердің мүлкі туралы мәліметтерді тиісті тіркеуші органдар ұсынады.

Егер борышкердің мүлкі болмаса, ал оның жұбайының Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 35 және 41-баптарына сәйкес өз меншігі болып табылатын мүлкі болса, соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде тіркеуші органдар борышкердің мүлкі, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің жоқ екендігі туралы ақпарат ұсынады.

Осыған байланысты жұбайының өз меншігі болып табылатын мүліктің болуы борышкер-жұбайға қатысты соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға кедергі болмайды.

11. Егер борышкер төлем қабілетсіз болса, ұзақ уақыт бойы жұмыссыз ретінде тіркелсе, жәрдемақы алмаса және табысы болмаса, коммуналдық төлемдер бойынша берешек соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде есептен шығарыла ма?

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 1-бабының 11) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Заң), соттан тыс банкроттық рәсімі — борышкерге қатысты соттан тыс тәртіппен жүргізілетін және банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы міндеттемелерді тоқтатуға бағытталған рәсім (олардың лицензиясынан айырылғанына, таратылғанына, тарату сатысында тұрғанына немесе тізілімнен шығарылғанына қарамастан), сондай-ақ жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары, қарыз (кредит) шарттары және микрокредит беру шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі өзге де ұйымдар алдындағы міндеттемелерді тоқтатуға бағытталған рәсім.

Бұл ретте соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде аталған тұлғалар алдындағы орындалмаған міндеттемелер туралы ақпаратты уәкілетті орган кредиттік бюролардан алады («Кредиттік бюролар және Қазақстан Республикасында кредиттік тарихтарды қалыптастыру туралы» Заңның 20-бабы).

Заңның 17-бабында соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап алты айды құрайтыны белгіленген. Осы күннен бастап Заңның 1-бабының 11) тармақшасында көрсетілген кредиторлар алдындағы міндеттемелерге белгілі бір салдарлар қолданылады: міндеттемелерді орындау мерзімдері өтеді, кредиторларға борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуге тыйым салынады, сондай-ақ борышкердің кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың, айыппұлдың) және сыйақының есептелуі тоқтатылады.

Көрсетілген нормалардан соттан тыс банкроттық рәсімі тек Заңның 1-бабының 11) тармақшасында көрсетілген кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша борышкерге қатысты қолданылатыны және бұл міндеттемелер туралы мәліметтер кредиттік бюролардың деректер базасында көрсетілетіні туындайды.

Демек, соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін мұндай міндеттемелер тоқтатылады (Заңның 19-бабының 2-тармағы).

Коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша берешек соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде қаралмайды.

12. Соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде азамат банкрот деп танылғаннан кейін жұмысқа орналасу, ЖК ретінде тіркелу және жалақы алу бойынша қандай шектеулер қолданылады?

Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталған кезде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 19-бабында белгіленген салдарлар туындайды (бұдан әрі – Заң).

Банкрот деп танылған адамға соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл ішінде қарыз берілмейді, сондай-ақ банктік қарыз беру және микрокредит беру шарттары бойынша одан кепіл, кепілдік және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз ету қабылданбайды (Заңның 19-бабының 2 және 3-тармақтары).

Сонымен қатар, Заңның 48-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл бойы банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.

Уәкілетті орган банкроттың мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алғанын анықтаған жағдайда, қаржылық жағдай мониторингінің нәтижелерін кредиторларға жібереді.

Кредиторлар уәкілетті органнан ақпарат алған кезде Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес борышкерді банкрот деп танудың күшін жою және банкроттық рәсімін қайта бастау туралы сотқа жүгінуге құқылы.

Осыдан азаматтың банкрот деп танылуы оның кейіннен кәсіпкерлік қызметпен айналысуына, оның ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне кедергі келтірмейтіні, сондай-ақ мұндай адамның жұмысқа орналасу және еңбек шартымен белгіленген мөлшерде еңбек ақы алу құқығына шектеу қойылмайтыны туындайды.

13. Егер борышкер халықтың әлеуметтік осал санатына жатса (көпбалалы отбасы), мүлкі және ресми табысы болмаса әрі жұмыссыз ретінде тіркелген болса, қаржы басқарушысына сыйақы бюджет қаражаты есебінен төлене ме?

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының 44-бабының 2-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Заң), сот банкроттығы рәсімін жүргізу барысында төмендегі жағдайлар жиынтығы анықталған кезде қаржы басқарушысына сыйақы бюджет қаражаты есебінен төленеді:

  1. борышкер Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса;
  2. Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес өндіріп алуға болатын мүлік болмаса.

Көрсетілген талаптар болған жағдайда уәкілетті орган сотта қорытынды есепті қарау кезінде тиісті өтінішхат береді.

Уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі № 524 бұйрығымен бекітілген.

Осылайша, мүлкі жоқ көпбалалы анаға қаржы басқарушысының сыйақысы бюджет қаражаты есебінен төленеді.

 

Дата публикации
13 сентября 2026
Дата обновления
13 сентября 2026
Тип
ТОП сұрақтар-жауаптар

Сейчас читают

Пайдалы ақпарат
13 сентября 2026
Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады
Пайдалы ақпарат
13 сентября 2026
Сыра өнімдерінің айналымының жаңа қағидалары: 1 қыркүйектен бастап шыны ыдыстарды сыраны таңбалау енгізіледі
Пайдалы ақпарат
13 сентября 2026
Мүлік салығы: жеңілдігі бар азаматтардың тізбесі және босату шарттары

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы