
Кедендік бақылауды Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден органдары жүргізеді.
Кедендік бақылау кедендік бақылау объектілеріне қатысты оларға осы Кодексте айқындалған кедендік бақылау нысандары және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып жүргізіледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды анықтау мақсатында кедендік бақылау Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтетін жеке тұлғаларға қатысты жүргізілуі мүмкін.
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылау объектілерінің, кедендік бақылау нысандарының және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралардың таңдалуы қағидатын негізге алады.
Кедендік бақылау объектілерін, кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды таңдаған кезде тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланылады.
Кеден органдары кедендік бақылаудың нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қолданады.
Шығарғанға дейін кедендік тазартумен байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органдарының кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдануы тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі негізінде ғана жүзеге асырылады.
Кеден органдары өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаудың өзге де түрлерін, оның ішінде экспорттық, валюталық, радиациялық бақылауды жүзеге асырады.
Кеден органдарының атынан кедендік бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және лауазымдық өкілеттіктері шегінде кедендік бақылауды жүргізуге уәкілеттік берілген кеден органдарының лауазымды адамдары жүргізеді.
Кеден органдары кедендік бақылауды кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында, сондай-ақ өзге нысандарда немесе кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып, кеден органдары лауазымды адамдарының қатысуынсыз кеден органдарының ақпараттық жүйелері арқылы жүргізеді.
Тауарлардың шығарылу фактісін растайтын мәліметтерді тексеру мақсатында кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы тауарларға қатысты кедендік бақылауды кеден органдарында Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы бұзыла отырып, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгені және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болуы туралы ақпарат болған кезде жүргізуі мүмкін.
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдарына оны жүргізуге Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарының қандай да бір рұқсаттары, нұсқамалары не қаулылары талап етілмейді.
Кеден органдары және олардың лауазымды адамдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасында көзделмеген талаптар мен шектеулерді белгілеуге құқығы жоқ.
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде тасымалдаушыға, декларантқа, кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға және мүдделері кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының шешімдерімен, әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) қозғалатын өзге тұлғаларға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарына құқыққа сыйымсыз зиян келтіруге жол берілмейді.
Кедендік бақылау кедендік бақылау аймақтарында және кедендік бақылауға жататын тауарлар, оның ішінде халықаралық тасымалдың көлік құралдары және жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, осындай тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар және (немесе) ақпараттық жүйелер тұрған (тұруы тиіс немесе мүмкін) өзге орындарда жүргізіледі.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, кедендік бақылау нысандарын қолдана отырып кедендік бақылауды жүргізу нәтижелері белгіленген нысандағы кедендік құжаттарды жасау жолымен немесе осы Кодексте көзделген өзге де тәсілмен ресімделеді.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу нысанында жүзеге асырылатынын хабарлайды.
Салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту үшін негіздер, сондай-ақ оларды өзгерту шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты беріледі.
Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу төлеушінің тиісінше кейінге қалдырылған немесе бөліп төленетін соманы біржолғы ретпен немесе кезең-кезеңмен төлеу арқылы кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімін өзгертуді білдіреді.
Тауарларды кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру беріле отырып шығару кезінде өзінің төленуіне қатысты кейінге қалдыру берілген кедендік әкелу баждарының сомасы осындай кейінге қалдыру берілген мерзімнің соңғы күнінен кешіктірілмей төленуге жатады.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Жолаушылар кедендік декларациясы – бұл Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу кезінде жеке тұлғалар толтыратын құжат екенін хабарлайды.
Декларацияны тапсырудың келесі жолдары бар:
- Электрондық үкімет порталы eGov.kz;
- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы.
Жеке тұлғалар жолаушылар кедендік декларациясын тапсырады. Қызмет тегін көрсетіледі. Қызмет көрсету мерзімі-жолаушылар кедендік декларациясы тіркелген сәттен бастап 4 сағат жұмыс уақыты ішінде.
Жолаушылар кедендік декларациясы қажет тауарларға мыналар жатады:
- 10 000 АҚШ долларына баламалы сомаға ақша (бағам шекарадан өткен күні ескеріледі);
- жеке автокөлік құралдары;
- бағалы материалдар;
- мәдени құндылықтар;
- жануарлар мен өсімдіктер;
- қару және есірткі заттары.
ЕАЭО аумағына әкелу кезінде саны мен құны бажсыз әкелу нормасынан асатын тауарлар да міндетті декларациялауға жатады.
Жеке тұлғалар үшін тауарларды декларацияламағаны үшін әкімшілік, сондай-ақ қылмыстық жауапкершілік белгіленген.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалар шекарадан тауарларды өткізгенде бұл тауарлар қай жағдайда жеке пайдалануға арналған болып есептеледі, осы тұста қандай шектеулер қолданылатынын хабарлайды.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу тәртібі мен шарттарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Кедендік кодексінің 39-тарауында айқындалған.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың критерийлеріне (ҚР ҚМ 31.03.2015 ж. № 250 бұйрығы) сәйкес келесі тауарлар жатады, егер:
1) олардың саны мынадай көрсеткіштерден аспаса:
ЕАЭО СЭҚ ТН 4303 10 тауар позициясында жіктелетін аң терісінен жасалған бұйымдар (оның ішінде бас киімдер) – бiр адамға бiр атаудағы, мөлшердегi және үлгiдегi 1 (бiр) зат;
ұялы телефон, смартфон – бір адамға 2 (екі) бірлік;
планшет – бір адамға 2 (екі) бірлік;
портативті тасымалданатын компьютерлер және олардың керек-жарақтары (ноутбук, нэтбук) – бір адамға 1 (бір) бірлік;
зергерлiк бұйымдар – бiр адамға 5 (бес) зат;
велосипед – бiр адамға 1 (бір) дана;
бала арбасы – бiр адамға 1 (бір) дана;
2) Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғаның өту және (немесе) оның тауарларды өткізу жиілігі айына 1 (бip) реттен аспаса.
Сонымен қатар, Кеден одағының кедендік аумағына кез келген тәсілмен әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, егер олардың саны жылына 1 (бір) бірліктен асса кәсiпкерлiк қызмет мақсатына арналған деп қарастырылады.
ЕАЭО кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 Шешіміне сәйкес құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормалар шегінде әкелінеді.
Яғни, әуе тасымалынан басқа, жаяу және ілеспе немесе ілеспе емес багажбен әкелінетін тауарлар үшін норма 500 еуро және 25 кг құрайды.
Ал тасымалдаушы немесе халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жеткізілген тауарлар үшін норма 200 еуро және 31 кг.
Егер тауардың құны мен салмағы көрсетілген нормалардан асып кетсе, тауар құнының 30 пайзы төленеді, бірақ ілеспе немесе ілеспе емес багажда әкелінетін тауардың асып кету бөлігінде 1 кг салмақ үшін 4 еуродан кем емес.
Егер тасымалдаушы немесе халықаралық пошта жөнелтімдерінде жеткізілген тауарлар нормадан асып кетсе, құн нормасынан асып кету бөлігінде тауар құнының 15 пайызы төленеді, бірақ салмақ нормасынан асып кету бөлігінде 1 кг салмақ үшін кемінде 2 еуро төленеді.