Тәжірибе көрсеткендей, түзетілген және қосымша шот-фактураларды шығару мәселелері өзекті болып қала береді. Салық кодексінің 47-тарауында шот-фактураны жазып беру жөніндегі ережелер мен ерекшеліктер көзделген. Мәселен, салық кодексінің 419-бабының 1-тармағына сәйкес түзетілген шот-фактура бұрын жазып берілген шот-фактураға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні және (немесе) алушыны ауыстыруға әкеп соқпайтын қателерді түзету қажет болған жағдайда жазып беріледі. Түзетілген шот-фактураны жазып берген кезде бұрын жазып берілген шот-фактура жойылады.
Өнім беруші Салық кодексінің 420-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес айналым мөлшері салық кодексінің 383-бабына сәйкес түзетілген жағдайда қосымша шот-фактура жазып беруді жүргізеді.
Салық кодексінің 383-бабы 2-тармағына сәйкес, түзету мынадай жағдайларда жүргізіледі: бұрын экспорттың кедендік рәсіміне орналастырыла отырып әкетілген кері импорттың кедендік рәсіміне орналастырыла отырып, тауарды әкелуді қоспағанда, тауарды толық немесе ішінара қайтару; мәміле шарттарының өзгеруі; өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін бағаның, өтемақының өзгеруі.
Салық кодексінің 383-бабының 4-тармағына сәйкес, салық төлеушінің айналым мөлшерін түзету олардың негізінде салық салынатын (салық салынбайтын) айналым мөлшері өзгеретін құжаттар болған кезде жүргізіледі. Салық салынатын (салық салынбайтын) айналым мөлшерін түзету сомасы жоғарыда көрсетілген жағдайлар басталған күн тура келетін салық кезеңінің салық салынатын (салық салынбайтын) айналымына енгізіледі. Мұндай күн түзету сомасына айналым жасалған күн болып табылады. Осылайша, түзетілген шот-фактура бұрын жазып берілген шот-фактураға өзгерістер немесе түзетулер енгізу, яғни тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні және (немесе) алушыны ауыстыруға әкеп соқпайтын қателерді түзету қажет болған жағдайда жазып беріледі. Егер жағдайлар Салық кодексінің 383-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларға сәйкес келсе, мысалы, тауарды қайтарған, баға өзгерген және т.б. жағдайларда, онда қосымша шот-фактура жазып беріледі.