«Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VІ ҚРЗ Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының егемендігі мен экономикалық қауіпсіздігін қорғауға, қазақстандық экономиканың әлемдік экономикалық қатынастар жүйесіндегі байланыстарын жандандыруға және сыртқы экономикалық қызметті ырықтандыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 17 шiлдедегi «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 213-VIII ҚРЗ-на сәйкес Кодекске қосымша 18-1 бабымен толықтырылды.
Аталған баппен кеден органдарына автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерлерде тоқтату бойынша қосымша міндет берілді. Кеден органы автомобиль көлік құралын, оның ішінде тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асырмайтын автомобиль көлік құралын тоқтатуды кеден органдарының лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асырады.
Бұл ретте, кеден органының лауазымды адамдары автомобиль көлік құралын тоқтатқан кезде көлік құралын басқаратын адамға автомобиль көлік құралын тоқтату туралы уәкілетті орган бекітілген нысанға сәйкес талапты табыс етеді және осы бапта көрсетілген міндеттері негізінде бақылау жүргізеді.
Осы функцияларды жүзеге асыру үшін кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен ұтқыр топтар құрылады және олардың қызметі мен жарақтандырылуы, оның ішінде көлік құралдарымен жарақтандырылуы тәртібін әзірлейді және бекітеді.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті