Меню

Страницы

Статья

Банкроттық және төлем қабылеттілігін қалпына келтіру: азаматтар нені білу қажет

Құрметті салық төлеушілер!

Қазіргі таңда халықтың шамадан тыс кредиттік берешегі мәселесі өзекті болып отыр. Осы мәселені шешу құралдарының бірі — 2023 жылдан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңы.

Аталған Заңның мақсаты — азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, олардың төлем қабілетсіздігіне байланысты мәселелерді шешу және қарызсыз «Жаңа бастама» жасауға мүмкіндік беру.

Заң нормаларын қолданудың 2,5 жыл ішінде белгілі бір практикасы қалыптасты. Бұл туралы қысқаша тоқталатын боламыз.

Азамат өзінің төлем қабілетсіздігін қандай жолмен қалпына келтіре алады?

Соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері арқылы.

Барлық үш рәсімді де тек борышкердің өзі бастай алатынына назар аударамын, яғни кредитордың мұндай рәсімдерді бастауға құқығы жоқ.

Рәсімдердің ішінде ең көп сұранысқа ие болғаны — соттан тыс банкроттық.

Статистикаға тоқталсақ.

Соттан тыс банкроттық бойынша 17.08.2026 жылғы жағдай бойынша 22 343 өтініш келіп түсті, оның ішінде:

Бас тартылды – 16 702 өтінішке;

Қаралуда – 277 өтініш;

Тоқтатылды – 167 өтініш;

Банкрот деп танылды – 3 786 борышкер;

Қаржылық мониторинг – 1 150 өтініш.

Соттан тыс банкроттық бойынша 01.01.2026 жылдан бастап 6 757 өтініш келіп түсті, оның ішінде:

Бас тартылды – 4 773 өтінішке;

Қаралуда – 277 өтініш;

Тоқтатылды – 38 өтініш;

Банкрот деп танылды – 1 400 борышкер;

Қаржылық мониторинг – 1 150 өтініш.

17.08.2026 жылғы жағдай бойынша сот тәртібімен 141 жеке тұлға банкрот деп танылды, 35 жеке тұлғаға қатысты сот банкроттығы рәсімі қозғалды.

535 жеке тұлғаға қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылды, 277 жеке тұлғаға қатысты рәсім қозғалды.

Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін қандай талаптарды сақтау қажет?

Азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімін келесі талаптарға бір мезгілде сәйкес келген жағдайда қолдана алады:

  • берешек сомасы 1 600 АЕК-тен (6 291 200 теңге) аспауы тиіс;

  • өтініш берген күнге дейін қатарынан 12 ай бойы мерзімі өткен берешектің болуы;

  • мүліктің, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің болмауы.

Соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешектерге, сондай-ақ банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша талап ету құқықтары тиесілі барлық ұйымдар алдындағы міндеттемелерге қолданылады.

Бұл рәсім барынша жеңілдетілген. Өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өтініш берушінің жеке қатысуымен немесе «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы, сондай-ақ eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

Сонымен қатар, соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартудың едәуір бөлігі өтініш берушінің немесе оның жұбайының (зайыбының) атына тіркелген мүліктің болуына байланысты шығарылады, оның ішінде «Freedom Bank Kazakhstan» АҚ-да бағалы қағаздар/биржалық ноталар болған жағдайда да бас тартылуы мүмкін.

Осыған байланысты Департамент соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш бергенге дейін төмендегілерді ұсынады:

Бірінші. Жеке кредиттік есептегі мәліметтердің толықтығы мен өзектілігін тексеру қажет (кредиторлардың саны, берешек сомасы, берешекті өтеудің болмау мерзімі). ГКБ, ПКБ жүйелеріндегі интеграцияланған мәліметтерде сәйкессіздік болған жағдайда, жеке кредиттік есепке түзетулер енгізу және бір жыл немесе одан да көп уақыт ішінде міндеттемелердің орындалмағанын растайтын құжатты (анықтаманы) алу үшін кредиторға жүгіну қажет.

Екінші. Электрондық үкімет порталы арқылы тіркелген мүліктің бар-жоғы туралы анықтамаларды жүктеп алу қажет, себебі бірқатар жағдайларда иеліктен шығарылған мүлік (оның ішінде көлік құралдары) тіркеу есебінен шығарылмай, әлі де борышкердің атына тіркеліп тұруы мүмкін.

Үшінші. Сонымен қатар, борышкер «Freedom Bank Kazakhstan» АҚ-ның банк картасын пайдаланған жағдайда, банктен бағалы қағаздардың жоқтығы туралы анықтама алу ұсынылады, себебі операциялар бойынша есептелетін кэшбэк қаржылық актив ретінде есепке алынады және есептеуге жатады.

Соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылғаннан кейін қандай салдарлар туындайды?

Банкроттықтың бұл түрінің жағымсыз салдары бар: бес жыл бойы кредит алуға тыйым салынады, банкроттық рәсімін қайта қолдану 7 жылдан кейін мүмкін болады және банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген.

Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану үшін қандай талаптарды сақтау қажет?

Сот банкроттығы берешек сомасы 1 600 АЕК-тен асатын борышкерге қатысты қолданылады.

Берешекті өтеу есебіне төлемдердің 12 ай бойы болмауы.

Кредиторлар ретінде тек екінші деңгейдегі банктер, МҚҰ ғана емес, сондай-ақ өзге де тұлғалар болуы мүмкін.

Борышкердің меншігінде мүлік болуы мүмкін.

Сот банкроттығы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы рәсіміне ұқсас жүзеге асырылады, оның мақсаты — банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.

Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сауда-саттықта өткізілуге жатады.

Сатудан түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге бағытталады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, кредитор сот банкроттығы барысында оны өндіріп алуға құқылы болады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылмаса, кредиторлар оған талап қоя алмайды.

Қалған өтелмеген берешек борышкердің жосықсыз әрекеттерінің белгілері болмаған жағдайда (мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.) есептен шығарылуға жатады.

Назар аударамыз: алимент бойынша берешек, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі міндеттемелер, сондай-ақ борышкердің әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы нәтижесінде туындаған міндеттемелер есептен шығарылмайды (!)

Үшінші рәсім — төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, ол тұрақты табыс болған жағдайда сот арқылы берешекті төлеуге 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырады.

Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.

Бұл рәсімнің артықшылығы — рәсім аяқталғаннан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, тиісінше банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.

Әрбір рәсімнің өзіндік ерекшеліктері бар және борышкердің нақты жағдайына байланысты қолданылады.

Заң азаматтарға таңдау мүмкіндігін және қарыз мәселесін шешудің нақты тетіктерін ұсынатынын атап өту маңызды — қарыздарды толық есептен шығарудан бастап, жоспарлы төлемдер арқылы қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіруге дейін.

Б.Ж. Усембаев

Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы

Дата публикации
18 августа 2026
Дата обновления
18 августа 2026
Тип
Талдамалық мақала

Сейчас читают

Пайдалы ақпарат
20 октября 2026
Қазақстан Республикасында сыра мен сыра негізіндегі сусындарды таңбалау және бақылау
Ақпарат
15 октября 2026
2026 жылдың 9 айына ҚР ҚМ МКД құзыретіне жататын Мемлекеттік бюджет кірістері түсімдерінің жоспардың орындалуы.
15 октября 2026
Тауарлардың кедендік құнын бақылау: тексеру қашан жүргізіледі?

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы