"Жол жүрісі туралы" Заңның 66-бабының 2-тармағына сәйкес көлік құралдарын жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органда тіркеу міндеті көлік құралдарының иелеріне жүктелген.
Сонымен бірге көлік құралын мемлекеттік тіркеуді тоқтату көлік құралының жоғалуына, басқа тұлғаға иеліктен шығарылуына, сондай-ақ оны кәдеге жарату немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты болуға әкету алдында немесе өзге де мән-жайларға сәйкес тіркеу есебінен шығарылуына байланысты иесінің өтініші бойынша жүргізіледі.
Осылайша, көлік құралын уәкілетті органда, атап айтқанда Қарағанды облысының полиция департаментінде тіркеу және тіркеуді тоқтату міндеті автокөлік құралдарының иелеріне жүктелген.
Жеке тұлғалардың салықты төлеуі тұрғылықты жері бойынша бюджетке есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей жүргізіледі (Салық кодексінің 494-бабының 4-тармағы).
Көлік құралы иесінің атынан көлік құралын иеліктен шығару құқығымен басқаруға сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға болып табылатын жеке тұлғаның салық кезеңі үшін көлік құралдарына салық төлеуі осы салық кезеңі үшін көлік құралы иесінің салық міндеттемесін орындау болып табылады (Салық кодексінің 494-бабының 5-тармағы).
Салық кодексінің 5-бабына сәйкес салық төлеуші салық міндеттемесін орындауға, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды толық көлемде және белгіленген мерзімде есептеуге, ұстап қалуға және аударуға міндетті.