Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабы мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді белгілейді.
Бұл шектеулердің мақсаты – мүдделер қақтығысының алдын алу және қызметтік өкілеттікті теріс пайдалануға жол бермеу.
Атап айтқанда, заңда мынадай талаптар көзделген:
- мемлекеттік қызметті ғылыми, педагогикалық және шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін өзге қызметпен қоса атқаруға тыйым салынады;
- жақын туыстар мен жұбайлардың бір мемлекеттік органда немесе ұйымдарда бір мезгілде қызмет атқаруына шектеу қойылады;
- қызметтік ақпаратты жеке мақсатта пайдалануға жол берілмейді;
- сыйлықтар, қызметтер мен сыйақыларды қызметтік міндеттерді орындағаны немесе орындамағаны үшін қабылдауға тыйым салынады;
- Қазақстаннан тыс жерлерде шетелдік банктерде ақша қаражатын және құндылықтарды сақтауға шектеу қойылады;
- құмар ойындары мен бәстерге қатысуға тыйым салынады.
Осы шектеулерді бұзу салдарынан:
- мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға,
- не атқарып жүрген лауазымынан босатуға негіз болады.
Сонымен қатар, қызметші еркінен тыс алған сыйақылар немесе сыйлықтар бойынша арнайы тәртіп белгіленген:
- ақша қаражаттары жазбаша түсіндірмемен бірге мемлекеттік бюджетке аударылады;
- сыйлықтар 7 күннен кешіктірілмей уәкілетті органға өткізіледі, сондай-ақ оны нарықтық құны бойынша сатып алу құқығы көзделген.
Осылайша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабы мемлекеттік қызметшілердің адалдық пен ашықтық қағидаттарына негізделген мінез-құлық нормаларын бекітіп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Дереккөз: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы (2025 жылғы 30 маусымдағы өзгерістермен).