Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 сәуір күні Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды.
«Мемлекет басшысы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Бұған дейін Мәжіліс отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Улан Сарқұлов бұл құжатқа Армения, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қазақстан басшылары 2022 жылғы 14 қазанда Астанада қол қойғанын атап өткен болатын.
Оның айтуынша, келісім мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді:
- сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша істерге құқықтық көмек көрсету;
- бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу;
- сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдарды ұстау және беру;
- арнайы ақпараттық жүйелерді құру және пайдалану.
Келісім аясында басқа да ынтымақтастық шаралары қарастырылған. Атап айтқанда: кадрлардың біліктілігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық реттеу тәжірибесімен алмасу, антикоррупциялық мониторинг нәтижелерімен бөлісу, ынтымақтастық бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңестер, семинарлар және конференциялар өткізу.