1._Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган өзіне жүктелген функцияларды орындау кезінде:
_____1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпарат пен материалдарды сұратады;
_____2) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, оларды жою бойынша заңнамалық тәртіппен белгіленген шараларды қабылдайды;
_____3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жүргізу тәртібін айқындайды;
_____3-1) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырады және істерді қарайды;
_____4) Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2._Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз өкілеттіктері шегінде:
_____1) сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру және тергеу қызметінің практикасына, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге талдау жүргізуге;
_____2) іс жүргізудегі қылмыстық істер бойынша шақырту бойынша келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелуге;
_____3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес, құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып қоюға немесе алуды жүргізуге;
_____4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;
_____5) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе оларда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынуларды Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізуге;
_____6) алып тасталды - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
_____7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда уәкілетті органдардан, лауазымды адамдардан және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап етуге;
_____8) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіруге, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын айқындауға, оның тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға;
_____9) өзіне жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құруға және пайдалануға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында зерттеуді, заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді ұйымдастыруға;
_____10) ұстап алынған және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүруге;
_____11) Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де құқықтарды іске асыруға құқылы.