24-2-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамды еңбек қатынастары саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуынан қорғау.
1._Өзі жұмыскері болып табылатын (болған) ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына хабарлау арқылы ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам тарапы болып табылатын жеке еңбек дауын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құрылатын келісу комиссиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілін міндетті түрде шақыра отырып қарайды.
_____Арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарда, сондай-ақ келісу комиссиялары жоқ ұйымдарда өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына хабарлау арқылы мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам мемлекеттік органның немесе ұйымның аталған адамның тәртіптік теріс қылық жасауының мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау, сондай-ақ адамды жұмыстан шығарудың (атқарып жүрген лауазымынан босатудың) немесе басқа лауазымға ауыстырудың негізділігін анықтау үшін құрылатын тәртіптік комиссиясының немесе өзге де алқалы органының (бұдан әрі – алқалы орган) ұсынымдарынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартылмайды немесе жұмыстан шығарылмайды (атқарып жүрген лауазымынан босатылмайды) немесе басқа лауазымға ауыстырылмайды.
_____Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер қаралатын алқалы орган отырысына қатысуға міндетті түрде шақырылады.
2._Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік орган немесе басқа ұйым сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша материалдарды келісу комиссиясының немесе алқалы органның отырысы өткізілетін күнге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын жібереді.
_____Көрсетілген отырысқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі қатыса алады.
3._Келісу комиссиясының шешіміне немесе алқалы орган отырысының хаттамасына отырысқа қатысқан оның мүшелері қол қояды.
_____Келісу комиссиясы шешімінің не алқалы орган отырысы хаттамасының көшірмесі шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
_____Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган келісу комиссиясы немесе алқалы орган отырысының қорытындылары бойынша қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган келісу комиссиясы шешімінің немесе алқалы орган отырысы хаттамасының көшірмесін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне не прокуратураға жұмыскердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы хабарлама жібереді.
_____Бұл ретте көрсетілген хабарламаны жіберу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамның сотқа жүгінуіне кедергі болып табылмайды.